ІНІМ
Аз сөзге құлағың сал, ақын інім,
Ой-пікір, рухымыз да жақын інім.
Ағалық прауасын қолыма алып,
Келемін айтайын деп ақыл, інім.
Өзімді ағалықпен зорайтамын,
Мұнымды көремісің мақұл, інім.
Адасқан ағаңыздың жері болса,
Сұраймын айта гөр деп ақыл, інім.
Ат қойған аз-көбіне қарамастан,
Ақылға бізде жарты пақыр, інім.
Жай жатсаң жаңылмапсың, адаспапсың,
Күресте кім кетпейді қапыл, інім.
Доңыздай талғамай жеп семіргендер,
Саналып ақылдыға жатыр інім.
Сүйікті меллатыңа болам десең,
Нашардың көбірек же қамын, інім.
Сыйласын десең жұртың қадыр тұтып,
Айғырсып момындарға ақыр, інім.
Білімді ел ішінде болам десең,
Шешенсіп жоқты сөйлеп лепір, інім.
Қолыңнан мұның бірі келмесе егер,
Кісімсіп тым болмаса қақыр інім.
Сөзіңді тыңдатайын десең жұртқа,
Ет асып табақ-табақ шақыр, інім.
Аузымен орақ орып барында істер,
Қымызды шара-шара сапыр, інім.
Ет пенен қымыз беріп сөйлеп көрсең,
Айтқаның жұртқа балдай татыр інім.
Ақылың Апылатондай болса-дағы,
Еті жоқ, қымызы жоқ тақыр інім.
Байтұрсынұлы Ахметтен
15.08.1932 ж.