03.09.2022
  126


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

ҚАЙРАТКЕР ҚЫЗЫ ҚАЗАҚТЫҢ

Бұлт астынан шыққан күндей дидары,
Иманындай қорғап өскен ибаны.
Тамылжыған тамыз айы жұртыма,
Айгүл деген арманшыл қыз сыйлады.
Несібені жинаған қыз жер-көктен,
Жаралыпты өзгеше бір өрнекпен.
Алтын бесік Алтай-Сауыр тербеткен,
Ертісімнің суын ішіп ержеткен.
Көрген талай сергелдең мен сейілді,
Түркия ағам кең даламдай пейілді.
«Алаш жұрты ағартушы,- деп білген,
Көгедаев Шәріпханнан кейінгі!»
Айгүл осы текті әкеден жаралған,
Отбасынан басталыпты бар арман,
Қабира апай құнарлы жер секілді,
Мемлекеттік үздік ұстаз саналған!
Арман сұңқар шыңға қанат жайды көп,
Тектілікке тебіренбес қай жүрек!?
Айгүл жүрді бала күннен оқуда,
Зейінімен зеректігін әйгілеп.
Айгүл білді тым алысқа ұшарын,
Жас жүректе тасып тұрды күш, ағын.
Қытайдағы Да Лиян деген порт қала,
Білім үшін жайған еді құшағын.
Тіршілікке шын берілген құштары,
Ұлы шешім алмағайып тұстағы.
Зерек әке, зерделі ана Айгүлге,
Бақытының құбыласын нұсқады.
Асыл арман көкейіне көшеді,
Біздің Айгүл Алты Алаштың досы еді.
Жас отанға алғаш келген қарлығаш,
«Қайраткер қыз», деп атауым осы еді.
Елге келіп Айгүл ерке болыпты,
Туған елдің қасиетін мол ұқты.
Рухымызға тұтқа болған тұлғалар,
Ағалары, апайлары жолықты.
Адамшылық, іскерлікті игерді,
Отанынан Айгүл талай сый көрді.
Білім алып Еуропаны шарлаған,
Марат Уатқанұлыменен үйленді.
Өмір солай шуақ нұрмен түрленді,
Шын бақытты айлар менен жыл берді.
Қуандырып Марат пенен Айгүлді,
Дүниеге Теңіз деген ұл келді.
Айгүл саған нұры жаусын Алланың,
Биіктесін асыл мұрат, арманың.
Мерей тойға тұлғалардың келгені,
Көрсетіп тұр саңлақ қыздың салмағын!
Маңайыңа шуағыңды шашасың,
Әлі талай алтын қақпа ашасың.
Ел- жұртыңның тілегі осыАйгүл қыз,
Келген жасын екі еселеп жасасын!
Айгүл, Айгүл, қазақ қызы дегіздің,
Иесісің ықыласты лебіздің.
Адал жары Марат пенен аман боп,
Қуанышын ұзақ көрсін, Теңіздің!!!





Пікір жазу