03.09.2022
  127


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

ТАРИХ ЖӘНЕ НӘБИЖАН

(Көрнекті ғалым Нәбижан Мұхаметханұлы 60 жаста)
Мұраты мен арманын асыл еткен жан аға,
Адал ғылым кәсібін нәсіп еткен жан аға.
Өнегенің шуағын шашып өткен жан аға,
Алпыс жылды алқынбай басып өткен жан аға!
Қуат еттің бойыңа серілердің серттерін,
Алаш деген ұранның ереуіл атын ерттедің.
Қырық жылдай емдедің қанды тарих дерттерін,
Інің болып мен сені жиырма бес жыл зерттедім.
Тоғызтарау мекенің тоғыз өзен торабы,
Биіктерде туғанның тұлғасы да жоғары.
Кіндік қаның тамған жер, анау, Мұқыр, Жырғалаң,
Сұлу жерде туғанның жаны сұлу болады...
Жастайыңнан жүрдің сен жақсыларға жақын боп,
Арманы асқақ адамға қонады екен ақыл көп.
Ұстазың мен ағаңның бәрі кесек тұлғалар,
Ірі болмай қалуға сондықтан да қақың жоқ.
Дәлелдеген дәйекпен күллі түркі қандасты,
Ғалым Нығмет Мыңжани бұйдагерің алғашқы.
Сол кемеңгер бастаған ғылымдағы сапарың –
Дүлдүл Жақып Мырзақан ғұламаға жалғасты.
Жолын қуған шәкіртсің Қозыбаев Манаштың.
Ағаң Мәмбет Қойкелді, тел құлындай жарастың.
Марқұм Хасан Оралтай мұраттасың еді ғой,
Ғұмыр бойы жоқтаған асыл рухын АЛАШТЫҢ!!!
Ғашық болдың ғылымға сүйген сайын құмартып,
Ғұмыр кештің алпыс жыл жүрегіңе жүк артып.
Ру- тайпа тарихын әспеттеген қате емес,
Ұлттық рухты ту ету барлығынан мың артық!
Тарихымды тірнектеп, тізбелеген Нәбижан,
Болашақтың үмітін үзбеген ең, Нәбижан.
Тазалықты аңсасам сізге келем, Нәбижан,
Арзан атақ, мәртебе іздемеген Нәбижан!
Гүлнұр апай аяулы бапкеріңіз, жарыңыз,
Зәуре, Мардан – ұл-қызың жалғасыңыз, жаныңыз.
Аман болсын немере, жиеніңіз сәніңіз,
Жүз жасыңда саламат бас қосайық, БӘРІМІЗ!!!





Пікір жазу