АЛТЫН ҰЯ – АНА МЕКТЕП
Бәйшешегін баптаса дала көктеп,
Бағалы білім бізді саналы етпек.
Бал дәурен балалықтың жәрмеңкесі,
Сен бәрінен ыстықсың, ана мектеп!
Өседі, бір орында тұрмайды адам,
Уақытты тоқтатып кім байлаған?!
Әлемнің бар қызығы жетер ме екен,
Сенде өткен күндеріме гүл жайнаған!
Парасаттың өлшеген аралығын,
Барлығына таразы – сана, білім.
Түлектер дидарыңа қарап тұрып,
Есіме түсті-ау, менің бала күнім.
Байсалды өрендерге бата қонар,
Ертеңнің таңы болып атады олар.
Үкілі үміт күткен ұрпағынан,
Тілегің қабыл болсын, ата-аналар!
Шәкірттің қуандырса зеректігі,
Тілектің айтылады бөлек түрі.
Ата-аналар алғысын арнап келді,
Мектептің нар тұлғалы директоры.
Іздегені ақша мен алтын емес,
Тек білімге құратын жалпы кеңес.
Жаны нұрдан жаралған ұстаздарға,
Бар құрмет жасалса артық емес.
Ұядан ұшқан ұрпақ сені көріп,
Мен бүгін жыр оқыдым тебіреніп.
Өмір менен білімде жолың болсын,
Болыңдар еліңе құт, жеріңе құт.
Айтамын ақ тілектің арнап бәрін,
Сендерге байғазы жыр, ән баптадым.
Білімнің аламаны шақырады,
Жүлделі бол, саналы саңлақтарым!
Еш нәрсе қымбатына тең келмеген,
Бақыттың бесігінде тербелген ең.
Ұлтымның ұлағатты ұл- қыздары,
Мақтанатын болайық, сендерменен!
Зор мақтан мерекені жыр еткенім,
Көрейін келбетіңді нұр өпкенін.
Әмин, сапар сәтті, жолың болсын,
Ұядан самғап ұшқан түлектерім!!