03.09.2022
  148


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

БАҚЫТТЫ ЕЛ, БАЙТАҚ ЖЕР

Сауық- думан, сайранымсың, туған ел,
Қорғанымсың, айбарымсың, туған ел.
Пәк көңілмен шексіз сүйем мен сені,
Көтеретін байрағымсың, туған ел!
Сен туралы кәусар жырлар жазамын,
Таңғажайып тау суындай тазамын.
Бостандықтың күні босқа өтпесін,
Бодандықты көрген талай Қазағым!
Мен қазақпын, қайсар халық текті едім,
Асыл арман асқарына жетті елім.
Тәуелсіз ел – Қазақстан жасасын!
Одан басқа бақытым да жоқ менің.
Тұнық тұрсын өзендерім, көлдерім,
Мен ізгілік биігіне өрледім.
Басшы біреу, халық тіреу қашанда,
Аман болсын, ел бастаған ерлерім!!
Уақыт, мезгіл алаңдаусыз өтсе екен,
Күн күлімдеп алтын нұрын төксе екен.
Бабалардан бізге қалған аманат,
Келешекке кемелденіп жетсе екен.
Жырла, жырла алау жүрек, от тілім,
Баяғыдай күрмеулі күн жоқ бүгін.
Бойтұмары әлемдегі Қазақтың,
Биіктерде желбіресін көк туым!!!





Пікір жазу