03.09.2022
  104


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

ЖАМПОЗ АҒА

Тірлікте жан таза ма, ар таза ма,
Намыс үшін шырқалған ән тоза ма?
Мінеки, бәрімізді қуандырып,
Жетпіс жасқа жеттіңіз, жампоз аға!
«Тасқының» шың басына шарықтады,
«Қайта оралу» арманды анықтады.
«Тау тағысы», «Сардаланың сағымы» боп,
Шаршатты- ау, «Қара көлдің балықтары»!
«Өркенің» «Бесік» болып тұрды ма есте!?
«Кек» байладың уақыт сырғып өтсе.
«Іленің салтанаты» «Тамыздық» боп,
«Ұлы көшің» айналды «Нұрлы көшке».
Еншісін уақыттан ала білген,
Жүйріксің даңғазадан дара жүрген.
Сіз ұстаз, біз шәкіртпіз қай-қашанда,
Сізді оқып өскенбіз бала күннен.
Даралап айтар болсақ өз жайыңды,
Сенің даңқың еліңе тез жайылды.
Елу үш жыл қаламды серік етіп,
Ақ қағазға тамыздың көз майыңды.
Жететін көмбесі мен тұрғысы көп,
Шабытыңның тұлпары тұр кісінеп.
Әді де ұзақ жаса жеміс беріп,
Жанкешті, қайсарлықтың үлгісі боп!
Қараңғыны іздесе нұр шырағы,
Биіктік, тереңдікке құлшынады.
Тойыңыз тойға ұлассын, тілек осы,
Жазушы, жампоз ағам, Тұрсынәлі!!





Пікір жазу