03.09.2022
  113


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

ЖҰМАБЕК АҒАМ ЖЕТПІСТЕ

(Қадірлі ұстаз аға Жұмабек Өсерұлының мерейтойына)
Жеттік міне, кенен бақыт, кең күнге,
Сіз тұрғанда жыр жазамын мен кімге!?
Күрмеуі көп, күдір-күдір жол басып,
Қайсар аға, жетпіс жасқа келдің бе?!
Олжалы боп көп оралып сапардан,
«Көккөз Жүкең», «Тарым Жүкең» атанған.
«Ұстаз Жүкең» деген жақсы аты бар,
Шәкірті көп озып шыққан қатардан.
Оқытыпты көп ұл менен көп қызды,
Көкейіне білім дәнін еккізді.
Жиырмадан енді асқан кезінде,
Он жеті жыл түрмеде өмір өткізді.
Көзің тұздай болғанымен көкпеңбек,
Ел-жұртыңа қарызың бар көптен-көп.
Ел көрмеген Тарымға да жібердік,
Сондықтан да бізге айтатын өкпең жоқ.
Тарымда да Жүкең жүрді көңілді,
Зынданға сап «күткендіктен» семірді.
Сүзбе қатық, құрт-ірімшік орнына,
Көк жүгері, шірік жаңғақ кемірді.
Тораңғы деп аталатын орман көп,
Қалың әскер қоршап жүрді қорған боп.
Он жеті жыл ыстық құмды кешкен соң,
Бір тәуірі ревматизм болған жоқ..
Жанында бар Айтымқандай ағасы,
Бұл Жүкеңнің қылығына қарашы.
Сол Тарымнан қашпақ бопты екеуі,
Сиберияны аңсаған ғой шамасы.
Сол Тарымда жүре бермей алаңсыз,
Әттең, Жүке, неткен қызық адамсыз.
Сиберия лагеріне жете алмай,
Алтай жаққа қайтып келді амалсыз
Жалғыз арман, жалғыз үміт санада,
Сары Жұмабек Тарымда енді қала ма?
Он жеті жыл салып Жүкең араға -
«Бөтен біреу» болып келді Қабаға.
Бір кездегі мұғалім, деп, сүйікті,
Жала, жаза көп тартты, деп күйікті.
Жалқы жүре беруіне болмас, деп,
Сағира апай обалсынып тиіпті.
Біздің Жүкең қалай ғана тыншиды,
Ұстаз балып шыға келді тым сыйлы.
Апайымның қадамынан гүл көктеп,
Кеңес және Ықыластай ұл сүйді.
Жағы түскен шал емес қой қартайған,
Отбасы мен ұрпағымен марқайған.
Тыныштықты қаламайтын Жұмабек
Алматыға көшіп кетті Алтайдан.
Атажұртта құтты болды іргеміз,
Көріспесек сағынамыз күнде біз.
Жүкең аға, біз інісі болған соң,
Міне, солай қай-қашанда біргеміз.
Жұмабек аға, жақсы көрем мен сені!
Менің шешем: «Бауырым, дейтін, еңселі».
Жұмабекте жастық көктем болған жоқ,
Сендер оны ренжітпеңдер, деуші еді.
Соның бәрін керек бізге парықтау,
Керек бізге қиянатты дарытпау.
Шеткі ауылдар алыс көшіп кеткен соң
Ортаңғы ауыл шеткі ауыл боп қалыпты-ау!...
Ақ тілектер ақ жаңбырдай себелеп,
Меруерттей келінің бар керемет.
Елдос деген немереңе малайсың,
Айтшы, Жүке, енді саған не керек?
Батыр аға, толықсыған кезің бұл,
Соның бәрін кейінгіге сезіндір.
Елдосыңыз үйленгенше аман жүр,
Одан кейін «кетем» десең, өзің біл.
Жәбірлеуді көргеніңмен жасыңда,
Бақыт-байлық бүгін сенің басыңда.
Аман болсын шаңырағың, ел-жұртың,
Жетпіс жасың жол бастасын ғасырға!!!





Пікір жазу