
АЛПЫС – ТАЛТҮС
(Талғат Мамашевтің мерейтойына)
Аты менен даңқы жеткен әр тұсқа,
Ұлты үшін дайын тұрған тартысқа.
Әлемдегі бар қазақтың туысы,
Талғат ағам толды бүгін алпысқа.
Қабыл болсын бүгінгі айтқан бар тілек,
Азаматын сыйлап жатыр халқы боп.
Талғат аға, таң қалмаңыз алпысқа,
Елу тоғыз жастан онша парқы жоқ.
Болашаққа бірге кетіп барамыз,
Біздегі бар ұқсастыққа қараңыз.
Талғат аға, Қайрат іні боп жүрміз,
Құрдас еді анамыз бен анамыз.
Айбынды аға, сізбен мәңгі достасам,
Несін келдім, тойға тарту қоспасам.
Білесіз ғой, «Анасы бар адамдар,
Қартаймайды, қартаймайды ешқашан».
Төзе білдің талай боран жаңбырға,
Жақындарың, тілеулесің бар мұнда.
Әлі күнге балдырғандай баласыз,
Қасиетті Қапан ана алдында.
Дидарыңда шуағы мол көктемнің,
Адал ұлы қазақ деген текті елдің.
Талай жерде, талай елде бірге боп,
Мен ағамның алғырлығын көп көрдім.
Азия мен Еуропаға барса да,
Қазақ үшін шырылдады жан сала.
Шетелдегі шер көкірек қандастың,
Сағынышына ортақтастың қаншама!
Куә болдың жаңа менен көнеге,
Сүйінеміз асқақ тұрған өреңе.
Ұстаз жеңгем, ар-намысты ұрпағың,
Талай-талай отбасына өнеге.
Үнемі-ақ сәтті сапар жолдасың,
«Ғайып ерен, қырық шілтен қорғасын».
Қазақ үшін ұйқың шала болса да,
Шын тілегім – күлкің шала болмасын!!!