03.09.2022
218
КЕНБАЙ АҒАМ АЛПЫСТА
Елдің құрмет мерейінен бал іштім,
Сәтті кезі болады екен әр істің.
2003 қаңтар айы, Ташкентте,
Тау тұлғалы бір ағаммен таныстым.
Сахнаға аға шықты күлімдеп,
Жанарында жалғыз тамшы дірілдеп.
Шапан жауып, сүйіп жатыр бетімнен,
Елге жеткен шетелдегі інім деп.
Мен Ташкентке бәсекеге келіп ем,
Орын алдым жүлденің ең төрінен.
Кейін білдім Кенбай аға екенін,
Жеткен екен Тәуелібай елінен.
Салтанатты ілтипат пен құрмет,
Тәңір өзі жарылқаған құдірет.
Тағдыр өзі табыстырған туыспыз,
Кеттік солай туған аға-іні боп.
Мерей тойда ағайынмен кеңесем,
Парызымды деймін жырмен төлесем.
Ағама жар, ұрпақтардың анасы,
Бақытты бол, менің Сахып жеңешем.
Алматыдан ақ тілекті арнадым,
Ағалармен көріктенді жан-жағым.
Аға-жеңге мерей тойың құтты боп,
Ақ шапағат нұры жаусын Алланың!