ҒАСЫРҒА ЖЕТСІН ЖЕТПІСІҢ
(Мақсат Нұрдәулетұлының
70 жасқа толған тойына)
Нағыз ақын қызмет етсін ұлтына,
Ішіңе бақ, ырыс қонды сыртыңа.
Сәлемдесіп алайыншы алдымен,
Ақ пейілді, пәк мейірлі жұртыма!
Ақтөбеміз арман болған ойыма,
Бір шарапат жұғар ма екен бойыма?
Ұшып келдім Алматыдан арнайы,
Мақсат маңғаз әкеміздің тойына.
Тұлпар ұлың ержетіпті тұяқты,
Сұңқар қызың бойжетіпті қияқты.
Бекбол, Ербол, Гүлмирадай ұл-қызың,
Ырғыз, Ойыл, Жем өзені сияқты.
Ұл мен қыздың алынбайтын қорғаны,
Немеренің саялайтын орманы.
Жетпіс жасты жеміс беріп өткіздің,
Ортамызда аман жүрсең болғаны!
Мынау менің емес мақтау өлеңім,
Қарызыңды ұлың болып төледім .
Темір жолға терін төккен әкейдің ,
Рельстерден қолтаңбасын көремін.
Алмасады жаңа менен ескіміз ,
Солай- солай жетелейміз көшті біз.
Қан майданда қаза болып әкеңіз,
Алламызға сеніп ғана өстіңіз.
Мақсат әкей, бақыт құсың өрледі,
Келдім соны өз көзіммен көргелі.
Әкеміздің жақсы күнге жетуі,
Мәнзәпадай анамыздың еңбегі.
Жаттап өскен бабалардың жосынын,
Ел-жұртына сыйлы еткен осы күн.
Ұлттық рухты мұрат етіп ержетті,
Бекбол, Ербол елін сүйген қос ұлың.
Ақын ұлың болып кеттік міне біз,
Бұдан кейін туыс болып жүреміз.
Пирамидаға шаңырақты қондырған,
Бір керемет жоба барын білеміз.
Сұлтаныңды періштелер қорғасын,
Баптай берсін жүйрігі мен жорғасын.
Кенже ұлың асқақтата көтерсін,
Атасының шаңырағын , ордасын.
Жанар,Гүлжан, Нұрболың мен Нұрланың,
Болашаққа жарнамасын жолдасын.
Азаматын ауылынан таныдым,
Алауласын жалының мен жарығың.
Қара ормандай халқымыздың келгені,
Ақсақалдың айғақтайды қадірін.
Алғысыңды бойтұмар қып ап кетем,
Сапар сәтті, тіршілігің тәтті екен.
Асылдарын ардақтаған осылай,
Аман болсын Ақтөбедей бақ мекен!!!
Куә болдым салтанатты сәніңе.
Дәмің тартса біз келерміз әлі де.
Осы тойды аңыз етіп айтармын,
Өзім жүрген өңірлердің бәріне!
Ақтөбенің халқы түгел тектісің,
Бұл сөзімді ақ ниетім, деп түсін.
Мерей тойың құтты болсын, жақсы әке,
Жүз жасыңа жол бастасын жетпісің!!!