КҮЛЛІ ӘЛЕМ ҚАЗАҒЫНЫҢ ШАҢЫРАҒЫ
Ел-жұрттың гүлге бөлеп жан сарайын,
Ұлы той, ән салайын, шаршамайын.
Жайнаса өмір мәңгі аршадайын,
Ертеңге кедергісіз жол салайын.
Бақыттың балын жұтып тамсанайын,
Мен неге туысымды аңсамайын?!
Келді екен мерекеге қанша ағайын,
Бәріңді барымменен қарсы алайын!
Жанымыз жаздай жайнап жадырады,
Тұтастық – ұлтымыздың әнұраны.
Қауымдастық қанатын кеңге жайған,
Күллі әлем қазағымның шаңырағы.
Жүрейік шаңырақты сыйлап мәңгі,
Санамда ән әуелеп, күй жатталды.
Он бес ғасыр тарихы қазағымның
Сенің он бес жылыңмен жинақталды.
Жүрген жоқ самұрықты ұлар билеп,
Демейміз біз тағдырға жылауды үйрет.
Бес миллион қандасы шетте жүрген,
Бұл қазақтың барлығы сыңар бүйрек.
Бауырлар, сырласайық, кел қасыма,
Мен алаңсыз жүрейін, сен жасыма.
Бар қазақ рахметін айту керек.
Көш-керуен бастаған Елбасына.
Суының дәмі кетпей таңдайынан,
Отанын сағынбасын қандай ұлан?!
«Нұрсұлтан нұрлы жолы» қалыптасып,
Көш келді әлемнің әр шалғайынан.
Қауымдастық, қалтқысыз арнайын ән,
Көп білдің шеттегі елдің хал-жайынан.
Еңіреп елге жеткен қандастардың,
Жасын сүртіп, сипадың маңдайынан.
Қазақтың Отанымен жаны бірге,
Көмілді дей алмаймыз бәрі гүлге.
Әуелі атажұртқа жеткендердің,
Ұлтарақтай жері жоқ әлі күнге!
Қайтеміз келгендердің жолын бөгеп,
Жүрейік елдің бар мен жоғын да елеп.
Жүрсек те алтын ішіп, ақша құсып,
Ертең соның иесі болу керек.
Тек қазақтың үмітін қазақ ақтар,
Санаңды шапағатпен тазалап қал.
Жерің көп, елің аз боп тұрған шақта
Қалай тыныш ұйықтайсың, азаматтар?!
Қауымдастық осылай қалыптасқан,
Бар бағыты таңбадай анық басқан.
Қазақтың аш пен тоғын, бар мен жоғын,
Жоғарыға жеткіздің жалықпастан.
Қуанам елім деген ер туғанға,
Сенемін келер күнге сертім барда.
Сырымды саған айтпай кімге айтамын?
Өз үйім, Қауымдастық, сен тұрғанда!
Он бес жыл, сәт сапарға жол сал деймін,
Жиырма жылға олжамен қонсаң деймін.
Шеттегі қазақ түгел елге жетіп,
Сол тойдың асабасы болсам деймін.
Бабалар өнегесін көп естідім,
Бар қазақ маған бөтен емес бүгін.
Өз еліңе мейман боп келгеніңше,
Өз жеріңе ие бол, демекшімін.
Өз ұлтыңа қонақ боп келгеніңше,
Өз жұртыңа қожа бол демекшімін!!!