03.09.2022
  100


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

НҰРСҰЛТАН

(Ұлымның туған күніне)
Отанымда баянды бақ табайын,
Байтақ елге мен неге жат болайын.
Бәсірелі тойыңда беске толған.
Жаным-балам, саған сыр ақтарайын.
Сұңқары да сен болып, тұлпары да,
Өз еліңнің шомылдың нұр таңына.
Саған неге ат қойдық Нұрсұлтан деп,
Айта жүр ұрпағыңның ұрпағына.
Пәк көңілге жастайдан толып арман,
Алланың ақ нұрымен жолы болған.
Қазақтың тұңғыш көсем – Нұрсұлтаны,
Тәуелсіз ел тізгінін қолына алған.
Аттас атаң бекемдеп мекеніңді,
Еліне адал еңбек ете білді.
Басқаға жаутаң көз боп қалған елдің,
Көңілі көкжиекке көтерілді.
Сол қазақ Күнді құшып, Айға қонды,
Тәңір өзі сыйлады майда жолды.
Бар әлем алғашында байқады ма,
Нұрсұлтан деген есім пайда болды.
Бақ болашақ басталды осы күннен,
Көріктенді қазақтың көші бірден.
Алпауыт ел дегендер бұл күндері
Еңкейіп кіреді енді есігімнен.
Көрдік әрең нұр шашқан ашық күнді,
Бақыт бізге қол бұлғап асықтырды.
Елбасы күллі әлемдік саясаттың,
Салмағын салауатпен басып тұрды.
Өз елің – ұшар көгің, самғар далаң,
«Әділеттің ақ жолын» салған бабаң.
Алтыншы шілде күні Алатауда,
Іңгәлап сен туылдың, қарғам, балам.
Өсірдік екі әпекең екі гүлді,
Тәңір мендей қуантты жетім ұлды.
Секілді Әбіш атаң, Әлжан әжең,
Сені күтіп өткіздік жеті жылды.
Өміріңе қараймын бүгінгі әсем,
Айтылатын әнім де, жырым да сен,
Екі-ақ бала болатын елде жүрсек,
Бәлкім онда сен ұлым, туылмас ең.
Төккен термен жетеді төбең көкке,
Көп шапағат тисе екен сенен көпке.
Туған күнің, Нұрсұлтан атың да бір,
Бұл есімді биіктен төмендетпе.
Қызымды аман ете көр, ұлымды аман,
Алғыс айтып Аллаға күлім қағам.
Ұлылардың атын ап ата-бабаң,
Ұрпағына бақ тілеп, ырымдаған.
Биіктерге жетерсің білімменен,
Көзіңнен келешектің нұрын көрем.
Елің үшін еңбек ет еміреніп,
Аман боп Иманғали ініңменен.
Біреу кетіп жататын біреу келіп,
Кетер дейсің тақ, тәжді кім өңгеріп.
Қай-қашанда Елбасы біреу болып,
Халық соған тұрса екен тіреу болып.
Сол көсем мойындатып тамам елді,
Бар әлем оған биік баға берді.
Тарихтың домнасында шыныққандар,
Өзі де тарих боп қалады енді!!!





Пікір жазу