03.09.2022
  142


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

ҚАЙРАН ШЕШЕМ!

Бұл өмір әлпештеген күліп кімді?!
Оңымда үміт, солымда күдік тұрды.
Қайран шеше, сен кетіп арамыздан,
Еңіреумен өткіздім қырық күнді.
Тағдырым жылатты деп түңілмеспін,
Сейілте алмас қазіргі мұңымды ешкім.
Бақ пен сордан толағай жүк көтеріп,
Күрмеуі көп күрделі ғұмыр кештің.
Анашым, саған жазам толғамды өлең,
Жүрдің сен соқпағы көп жолдарменен.
Бақыттың да бал дәмін татқан жоқсың,
Алтынбек байдың қызы болғанменен.
Адал антқа ата-анам құлақ асқан,
Сол заманда тұрыпты жылап аспан.
Манасбай мен Алтынбек екі бардам,
Шың-Шысай түрмесінде құдаласқан.
Қайғының жүдетпеген дерті кімді?
Қанішер билеушіден ел түңілді.
Абақтыдан нағашым аман қайтып,
Ұлы әкеміз түрмеде өлтірілді.
Медеу қып ақ батаның дарығанын,
Татулықтан басқаны танымадың.
Әкеміз бен анамыз қиын күнде,
Құлатпаған бабаның шаңырағын.
Екі мұңлық өлместің күнін көрген,
Құпиялап жасырдың мұңыңды елден.
Екі жесір енені шешем күтіп,
Ұстаз әкем ұрпаққа білім берген.
Ықыласын алсаң да тәмам елдің,
Жалғаннан жабысатын жала көрдің.
Әкеміз «ұлтшыл» болып сотталғанда,
Отыз үш жасқа келіп енді ғана
Тірі жесір атанып қала бердің....
О, дүрбелең дүние-ай, дөңгеленген,
Аруақты да қорлады-ау, жерге көмген.
Әкеміз төрт жыл жатып абақтыда,
Құр сүлдерін сүйретіп елге келген.
Мен мұны сеннен ұқтым, елден ұқтым,
Үнемі бақпен тұрады тербеліп кім?
Еркек қой қалжасы жоқ зар заманда,
Өмірдің өгейі боп мен келіппін.
Тағдыр бізге аз қайғы әкелмепті,
Жүрген жолдың барлығын қатерлі етті.
Мен туып тоғыз айға толған кезде,
Жат елге жан сауғалап әкем кетті.
Сен іліндің содан соң сұр жебеге,
Бір қырсық шыр айналса мың келе ме?
«Халық жауы, қашқынның әйелі» боп,
Тұтқын болып түстің-ау, түрмеге де.
Сәби күнде жамалып дертіме мұң,
Сор маңдай ұл көп көрді сор түнегін.
Бес жасымда бейнеттің уын жұтып,
Көрінген босағада тентіредім.
Жоғалттым-ау, балдырған арманымды,
Жат санадым жатырқап жан-жағымды.
Сен түрмеден ауылға оралғанша,
Білмеймін қалай тірі қалғанымды.
Қайсарлықты сынайды қалың қыспақ,
Өлімге де бермедің жаныңды ұстап.
Дүрлікті «Қиза келді түрмеден» деп,
«Базарқұл» деп аталған шағын қыстақ.
Шұбырды ел мерекеге баратындай,
Жәрмеңкеден базарлық алатындай.
Сол тобырдың ішінде мен де келем,
Жоғалтқан асылымды табатындай.
Жау келгендей қатулы халық төнді,
Қалың әскер кісендеп алып келді.
Жетіден енді асқан Қайрат бейбақ,
Шер көкірек шешесін анық көрді.
Жазмыш солай асқынтып бар жарамды,
Менің аппақ жанымды қанға малды.
Сондағы мына бір іс ұмытылмай,
Жүрегіме жазылып, таңбаланды:
Жұрт жиналды, көз тікті, құлақ түрді,
Жанарларда шешілмес сұрақ тұрды.
«Қизаға түрме тіпті жағыпты» деп,
Безбүйректер тасада сынап күлді.
«Халық жауы әлі де тірі екен» деп,
Терезеге тастарын лақтырды.
Концертті көру үшін келгендей-ақ,
Қалың топ ауламызға шұбап кірді.
Кәрі қызыл сиырың иіскеп сені,
Орынынан мөңіреп бір-ақ тұрды.
«Сыйлауға сиыр құрлы болмадық» деп,
Ауылдың бір әйелі жылап тұрды.
Айғайменен дүрліккен аңқау халық,
Мейірімді хайуаннан бір-ақ білді.
Мойнында қаны бардай мың кісінің,
Жас өмірдің солдырды гүл мүсінін.
Он екі жыл айдауда көмір қазып,
Мүгедек боп оралды тұңғыш ұлың.
Қасіретін көрсең де бір ұлыңның,
Сездің, ана, боларын ұлы күннің.
Баяғыда өліп-ақ қалар едің,
Ержетсін деп «Қара ұлым» тірі жүрдің.
Несібені алмадық біз көктемнен,
Бақ кеткен соң қасірет іздеп келген.
Ел-жұртым-ау, біз тартқан ауыр азап,
Осылай да осылай тізбектелген.
Кешіксе де, бір жақсы заман келді,
Сол заманды біздің үй аман көрді.
Анам тартқан азапты шебер Алла,
Бақытқа айырбастап маған берді.
Өз басының бақытын кім тілемес,
Бала күннен қалмады күлікілі елес.
«Шер толқытса шығар сөз ой түбінен»,
Менің ақын болмауым мүмкін емес.
Жиырма бір жыл айттым мен айтарымды,
Ел таныды Қайраттай қайсар ұлды.
Жиырма бір жыл жан-анам рахат көріп,
Ұттырған ұпайымыз қайтарылды.
Ауысып жаз келеді, ауысып күз,
Несібені татайық тауысып біз.
Екі анадан туылып, екі елде өскен,
Бір әкенің ұрпағы танысыппыз.
Құлмұхаммедтің шашылған ұл-қыздары,
Отыз төрт жыл дегенде қауышыппыз.
Өнерімді бірталай халық көрді,
Ақын деген атақты анық берді.
«Есің барда елді тап, адаспа» деп,
Атажұртқа анашым алып келді.
Бүтіндеп туырлығын, керегесін,
Шаңырақтың оқытты ережесін.
Жаңа туған сәбидей анам жүрді,
Көңілінің кір шалмай терезесін.
Майда қоңыр мінезді келін алып,
Әлпештеумен өсірді немересін.
Алладан соң анамыз жеткізіпті,
Ел-жұртпен бірге көрді көп қызықты.
Жетпіс жеті жасында Отанға кеп,
Ғасырға тең бес жылын өткізіпті.
Көп көріп сойыл менен соқпақтарды,
Бақытыңды іздедің жоқтап мәңгі.
Шытырман шырғалаңнан шаршаған-ау,
Қажыған қарт жүрегің тоқтап қалды.
Төгілген жапырақтар жапқан қырды,
Бұл қараша әкелді батпан мұңды.
Қалың елің «Қадірлі анамыз» деп,
Сені соңғы сапарға аттандырды.
Көргенде Алатаудың шоқыларын,
Шеше, сені еске алып отырамын.
Төрт жастағы немерең салды саған,
Атажұрттың бір уыс топырағын.
Бұл пәнидің уы мен балын ішкен,
Барлығынан тұрдың сен анық үстем.
Аман болсын ұрпағың, ел мен жұртың,
Еске алатын өзіңді сағынышпен.
Сені іздеймін, таппаймын айналадан,
Енді сендей мейірім қайда маған?!
Алланың шапағатты нұры жаусын,
Жәннаттан орның болсын, қайран анам!!!





Пікір жазу