Армандаумен өтеді көп күніміз
Армандаумен өтеді көп күніміз,
Біз жетпеген жерлерге жетті үніміз.
Ағажан, сізге арнаған сырласуды,
Інінің ілтипаты деп біліңіз.
Естідің елжіреген үнін елдің,
Қоңыр самал жаныңа үңілермін.
Иман тұнған ұрпағы ірілердің,
Сізге ілескен інінің бірі менмін.
Бүлдіргенін тергем жоқ қырат, нудың,
Жетім боп, отын тасып, лақ қудым.
Жаймашуақ Жайықта сіз жүргенде,
Ертісте мен еңіреп жылап тудым.
Туған жердің сағындық күндерін біз,
Думан елдің сағындық түндерін біз.
Ертіс – Жайық екі өзен қосылмайды,
Алайда біз, ағажан, бірге жүрміз.
Жеттім бе, мақсатыма жетпедім бе?
Шексіз ойлар жинадым шекті өмірде.
Шың басынан ағалар қол бұлғаса,
Мен жүрмін сол биіктің бөктерінде.
Іні неге ағадан сыр ұқпасын,
Ал, әкімдер ақынды ұмытпасын.
Әз аға парасатпен тау қопарса,
Мен соның көтерейін сынық тасын.