БІР БИІК
(Иманғали Тасмағамбетовке )
Елі үшін арқаласа мол жүкті,
Саңлақ ұлға сапар сәтті, жол құтты.
Халық кімді бағалайды құрметтеп,
Сол әйгілі, сол қайраткер, сол мықты.
Шаттық таппай жүрміз қазір мұң жиып,
Тереңіне тартты солай тұңғиық.
Рухымыз аласарған бұл тұста,
Керек бізге өзіңіздей бір биік.
Ұлттық рухын жоқтай білген елінің,
Елбасының ақтай білген сенімін.
Қауыштырдың Күлтегіндей айбынды –
Күллі түркі ұлысының өр ұлын.
Сен – Жайықсың жақұт моншақ шашатын,
Сен – Алатау самұрықтар асатын.
Сен – Сарыарқа, Жетісусың құнарлы,
Сен – Ертіссің алыс сапар басатын.
Абыздардың айбынын сен сақтадың,
Кемеңгерлер болды өнеге-мақтаның.
Болашақты болжап кеткен бағзыда,
Мөңке бидің нақыл сөзін жаттадың.
Биіктіктен елге таныс бұл есім,
Ақ тілектер болды үнемі үлесің.
Рухани ашаршылық басталса,
Бәрі бекер болатынын білесің.
Данасына шертер солай дала сыр,
Өз тегіне тарту керек бар асыл.
Ана тілді, ата салтты сақтауға,
Беу ағажан, бола көрші жанашыр!
Ел тізгінін рухы биік алды әкім,
Айтады жұрт бар арманын, бар дәтін.
Салтанатты керуеніне қазақтың,
Жол бастасын арман қала – Алматым!