03.09.2022
  864


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

САҒЫНЫШПЕН ЕСКЕ АЛАМ

(Қалдарбек Найманбаев рухына)
Сағыныштың айғағы,
Сарғайып, міне, өтті күн.
«Жаз күніндей жайдары»
Қалдарбек ағам жоқ бүгін.
Пәнидің біліп нақ сырын,
Тірлікке мынау жетер ме ой?
Жүрген жері жақсының,
Рулы елдей екен ғой.
Ішінде жүріп нөпірдің,
Асылды білдік кеш танып.
Мұңлы жыр жазып отырмын,
Қалаға, сені еске алып.
Өмірдің әділ безбені,
Құрылады екен төзімге.
Ренжітпедің өзгені,
Ренжімедің өзің де.
Мәуелі сая, панаң бар,
Қалдарбек зәулім көк шынар.
Алдыңа барған адамдар,
Өкпелеп қайтқан жоқ шығар!
Ішінде жүріп ән-жырдың,
Болмысын сездің тағдырдың.
Ақ жарқын көңіл, алғырдың,
Үлгісін бізге қалдырдың.
Таңбалап тағдыр санама,
Пәни мен бақи тартысын.
Қайран да, қайран Қалаға,
Бейіште нұрың шалқысын!!





Пікір жазу