03.09.2022
  132


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

НӘЗІКТІК ҚҰДІРЕТІ

Асықтырып сейілге елік үміт,
Алатаудың сипайтын желі күліп.
Жайлаудың бүлдіргенін теру үшін,
Кетті жүріп сезім қыз, сері жігіт.
Ұяң мінез аруды сүйікті етті,
Асқақ арман жігітті биіктетті.
Енді ғана бүлдірген тергенде олар,
Ақ бұршағы жайлаудың құйып кетті.
Екеуінен абыржу байқалмады,
Екеуінің бітпейтін айтарға әні.
Тасыған асау өзен өткел бермей,
Жігіт пен қыз ауылға қайта алмады.
Жауған нөсер бермеді оларға ерік,
Жас жанға табиғаттан толар көрік.
Бөктерде бір ағаш үй бар болатын,
Паналады қыз-жігіт соған келіп.
Бастайын бір ғажайып ойға сені,
Жігіт-қыз мінезге бай, бойға сері.
Жолыққан екеуіне сол ағаш үй,
Малшылардың жүк салған қоймасы еді.
Екеуі аңсап іштей бақыт таңды,
Жүрсек дейтін бал тірлік татып мәңгі.
Әлденеге айналып босағада,
Төргі үйге қыз солай жатып қалды.
Нәзіктік құдіретін алғаш біліп,
Тебіренді ақ семсер, алмас жігіт.
Үш тал шашын көлденең байлапты қыз,
Қос босаға арасын жалғастырып.
Кенеліп ар-намыстың байлығына,
Білді жігіт көрген соң жайды мына.
Ал, қалыңдық алаңсыз мызғып кетті,
Малынып сүттей аппақ ай нұрына.
Жолына ырыс қонып, бақ қараған,
Ізгі жасты сақта Алла жат жаладан.
Айналайын, қазақтың ұл-қыздары-ай,
Ибасынан имандай аттамаған.
Сондағы көктем қыз бен жаз ұлдар-ай,
Иба тұнған жұптарың жазылмағай.
Біз әдепті осылай қорғағанбыз,
Ал, бауырым, сен айтшы қазір қалай?





Пікір жазу