Поэмалар ✍️
АБЫЗ БАБА немесе Төле би рухымен сырласу
Бабаларға тәу ету парыз маған,
Рахман нұр жаудырар жаны ізгі адам.
Мен сенің ұрпағыңмын, зәузатыңмын,
Баһадүрім –Төле би абыз бабам.
Тарихқа өшпейтін ат қалдырдың,
Бағдарысың атқан таң, батқан күннің.
Ұрпақтарға ұлағат, өнегеңді
Бойтұмардай ойыма сақтап жүрмін.
Көп көрді шаттық пенен қайғыны елің,
Бар қазаққа қазына-байлық едің.
Тектіден текті ғана туатынын
Адамзаттың алдында әйгіледің.
Шапағаттың нұры деп, таң самалын,
Ел ертеңі болыпты аңсағаның.
Дүниеге келіпсің жалғасы боп
Елжау би, Оңғай би мен Саншораның.
Туды сені көреген көне халық,
Көз алдыма әлмисақ келеді анық.
Он үш жаста білікті билік айттың,
Әлібек би әкеден өнеге алып.
Күннен тарап жан дауа күшті тәлім,
Менің айдай санама түсті сағым.
Далалық дана жұртты басқаруға,
Мысал еттің шідердің үш бұтағын.
Оймен қарап ақ орда, күркеге де,
Қалың қазақ ұйыды бір Төлеге.
Тыю үшін сыртқы жау, ішкі дауды,
Күнде кеңес құрып ең Күлтөбеде.
Бұл қазақ тыныш өмір кешірген бе?
Жеңдің жауды ақылмен, десіңмен де.
Ташкентті жастық етіп жатқан бабам,
Памирге жетті аяғың көсілгенде.
Ақиқатқа жол іздеп, аралап кеп,
Саған келді жиналып жамағат көп.
Әбілмансұр келгенде пана сұрап,
Ат қойып ең сол ұлға «Сабалақ» деп.
Саңлағым-ай, сабырлы саналым-ай,
Жалт қарады жарты әлем саған ұдай.
Сол Сабалақ түйешің емес пе еді,
Дүбірлеткен әлемді хан Абылай.
Кемеңгерлер өзіңмен кеңесетін,
Бай мен жарлы алдыңда теңесетін.
Сен шарапат көрсеткен өршіл ұлдың,
Айдарынан айбынды жел есетін.
Сен жинасаң бір туға қазақтарды,
Дос түгіл, дұшпаның да ғажаптанды.
Ойрат-жоңғар зарлатқан замандарда,
Ұлт жойылып кетуге аз-ақ қалды.
Бодан болмай сонда да босқан елің,
Жау жараның іздедің достан емін.
Шаңырағыңа ұя сап қос қарлығаш,
Балапанның ұшуын тосқан едің.
Жатса да туған жерің талқандалып,
Кіндігіңді үзбедің арқандалып.
Сол ұяны күзеткен сені көріп,
Ата жауың дағдарды, аң-таң қалып.
Дүлейлерге қорлатпай сүлейлерді,
Сонда сенің санаңа бір ой келді.
Бір ұя мен бір ұлтты сен қорғасаң,
Қалдан-Серен нояндар үрейленді.
Солай сақтап соғыстан тамам елді,
Асқақ арман абырой ала келді.
Тасқа басып тағдырын Төле бабам,
«Қарлығаш би» атанып қала берді.
Ұрпаққа ұран болған данышпаным,
Сен бізге намыс туын табыстадың.
Жан бабам, екі жарым ғасырдан соң,
Саған арнап бір бәйіт бағыштадым.
Жекпе-жекке бұл өмір майдан маған,
Есіміңнен енші алып айбарланам.
Заман басқа, қазіргі адам басқа,
Сен соны сезесің бе, қайран бабам?!
Қуыршақты «Құдай» деп құшақтадық,
Қансырады ізгілік пышақталып.
Періште жоқ, перілер адастырып,
Кім білсін, кеттік пе әлде ұсақталып?
Есіл елді ойлап ең өсіп-өнер,
Сенен қалған көп еді несібелер.
Қалдық соның көбінен айырылып,
Жаутаң көз ұрпағыңды кешіре көр!
Қоймаған соң бәрінен ерлікті үстем,
Ояу жүріп біз түсті көрдік күшпен.
Қорқып емес, алдандық аңқаулықпен,
«Мейірімсіз мейманға» сенгіштіктен.
Келімсектер тойынды қаймағыма,
Құшақ жайдық қаңғырған қайдағыға.
Бір жүз отыз ұлт қаптап қайран жерім,
Айналды тәжірибе майданына.
Қазіргінің азы шын, көбі жалған,
Енесі өліп, емшектен төлі қалған.
Сіздерден бізге қалған кең даланы,
Айдаһарлар, аюлар бөліп алған.
Сен барда қазақ тұнық халық болды,
Жиделі-Байсынға4
да барып қонды.
Енді, міне, санадан салтын жойып,
Тілі менен үні жоқ балық болды.
Қазір жағдай осылай, парасаттым,
Білу қиын болжалын болашақтың.
Еліктегіш, дүрмекшіл, дүмбілездер,
Енді ағылшын болуға алашапқын.
Уағызы жоқ иманнның, сопының да,
Үнсіз мүлгіп «көп ойшыл» отыруда.
Кешір, баба, ұждансыз ұрпақтарың,
Басқа дінге бас ұрып, шоқынуда.
Адасқандар көп басты шиыр жолды,
Шілдей тозып, шет жайлап-қиыр қонды.
Қымыранды, қымызды ұмытқан ел,
Есірткі, арақ-шарапқа үйір болды.
Сая болып жайып ең мәуеңді елге,
Десеңші, ата: Басқаға тәуелденбе!
Ән мен күйін қазақтың ұмытқандар,
Бой алдырды Батыстық әуендерге.
Көрсетсек те, бояулап, әрлеп мейлі,
Біздің кілең тіршілік мәнді өтпейді.
Соты менен заңы бар бұл қоғамда,
Қылмыстардың түріне сан жетпейді.
Басқа жаққа байлықты ала қашып,
Жүгенсіздер елінен барады асып.
Өзгелерге табынып үйренгендер,
Өз-өзімен жүр қазір жағаласып.
Бәрі сауда бұл күннің ең сенері,
Баба, бізді бір рет кеп көрсең еді!
Бізде қазір, әділдік, атақ-даңқ,
Ақшаманен жіктеліп, өлшенеді.
Мәстек тұлпар болмайды сәндесе де,
Шірік өзек ағашқа алма өсе ме?
Көйлек, шашы ұзын қыз күрт азайып,
«Жалаң бұттар» өріп жүр қан көшеде.
Демеңіз: азғындадың неге ғана?
Жетім болып өстік біз Жер-Анаға.
Тізгін-шылбыр басқаның қолында боп,
Біз осылай өзгердік, Төле баба!
Кетпесін көгімнен нұр, жерімнен гүл,
Пейіліңді аңсадық сенің мөлдір.
Абыз баба, мұңымды саған айтып,
Арылайын ақтарып шерімнен бір!
Туды қазақ шешенді, көсемді көп,
Демеймін жатқа кеткен есемді жоқ.
Тәуба-тәуба, сүйінші, сауға-сауға,
Есін жиды қалған ел есеңгіреп.
Бодандықтан құтылды сүйікті елің,
Жоғалғанның жатырмыз жиып көбін.
Қазақтың Төле биі, төбе биі,
Алыстаған сайын сен биіктедің.
Сағыныштан санамда мөлдірер мұң,
Ботасымын бейнесі белгілі елдің.
Тойған жердің тобыры болмайын-деп,
Бақытыма оралып енді келдім.
Сақауларға жырыммен сөз ұқтырдым,
Көш жолында көп нәрсе кезіктірдім.
Бұттап кірген алапат аурудың
Мысқалдап шығатынын сезіп тұрмын.
Жойылудан сақтадым басымды аман,
Құпиям да көп менің ашылмаған.
Мінәжатым,
Жебей жүр, нұрыңменен,
Билік құрған сексен жыл асыл бабам!!!