03.09.2022
  161


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

МЕККЕДЕ ҮРГЕН ИТ

Күнә дейтін сындыруды шырпыны,
Күнә дейтін сылтыңы көп күлкіні.
Салаллаһу ғалиуәссалам Мұхаммед,
Меккедегі қан көшеде,
Келе жатты бір күні.....
Тұрғындары қайшалысқан бұл көше,
Құйылатын Пайғамбар кеп жүр десе.
Бұтқа емес, сыйынуға Аллаға,
Уағыз айтып сахабалар
Еріп жүрді бірнеше.
Бір келеңсіз жағдай болды кенеттен,
Көргенсіздік туды нендей себептен?
Ал, пайғамбар абайсызда селк етті,
Қаппақ болып жанталасқан,
Шынжырлаулы төбеттен.
Түсінуге шешуі жоқ жұмбақты,
Итке сонда бір сахаба тіл қатты:
Неге үресің елшісіне Алланың,
Данышпанның сұрағында
Батпандаған зіл жатты.
Сахабаның аяғына орала,
Деді төбет: күзетшіміз қораға.
Алла бізді жаратқан соң үруге,
Пайғамбарға иттігімді
Көрсетпесем бола ма?
Данышпанды ойландырды бұл сұрақ,
Жанарында жанды маздап нұр-шырақ.
Сәл жымиып кетті жүріп сахаба,
Ал, ит болса шынжырымен
Шыр айналды қыңсылап





Пікір жазу