Тастағы таңба
Көк тастың тәніне қашалған,
Көне сыр жұмбағын аша алман.
Құлпытас, тіліңді тістейсің,
Күрсінер шежіре тасыңнан,
Уақыт өзіңе сүйеніп,
Кеңістік көзіне жас алған.
Көктүрк құйғытып күлікпен,
Көрінсе, күллі жау үріккен,
Көк сүңгі жол ашар қару боп,
Күдікті түйреген үмітпен,
Осынау даңқыңнан, бабалар,
Тек таңба қаларын біліп пе ең?!
Ұлықтап ер туған ұлыңды
Таңбалап қалдырдың діліңді.
Көзімді суарам көктасқа
Көрердей дәуірді бұрынғы.
Тас бауыр рухым сая қып,
Құпия киеңе жылынды.
Күн сүйіп, жел келіп құшқанда,
Көз тастап тұрдың ба құстарға,
Селт етпей қарапсың, көгіңнен
Ғасырлар қиқулап ұшқанда.
Құпия қалпымен қалғыды
Кеудеңе тұрақтап сұс–таңба.
Найзағай күшіне дес бермей,
Дауылдың сесінен сескенбей,
Уақыт талқысын елемей,
Қошамет легін қош көрмей,
Қасқайып кеп тұрсың бұл күнге,
Күллі рух өзіңе көшкендей.
Сақтадың сартап қып дастанды,
Табынтып жер менен аспанды,
Кешегі құдіретті Түркіден
Біздерге мұра боп тас қалды.
...Тастың да кеудесі шерленіп,
Көзінен жұмбақтау жас тамды.