03.09.2022
  182


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

ЕСКЕРТКІШ

Ескерткішім – елдігімнің белгісі,
Ескерткішім – ерлігімнің белгісі.
Баяғының барлық сырын жерімнен
Келмес дейсің енді кімнің көргісі?!
Бұл мекеннен табылады керегім,
Тереземді тектілермен теңедім.
Отыз ғасыр өркен жайған өңірдің,
Түйір тасын қорғауменен келемін.
Айырылмай мекенінен бір елі,
Жер қадірін жетелі ұрпақ біледі.
Мекен еткен үйсіндердің ұлы елі,
Хы Ши, Памир, Ыстықкөл мен Ілені...
Рахаттанам тарихымды ойласам,
Намысымды нажағайға қайрасам.
Жібек жолын мекендеген халықтың,
Керуені тоқтамайды қай-қашан.
Менің жерім – көрмегенге арман жер,
Ал көргендер көп тағылым алған жер.
Қимай-қимай аспанынан ұшуға,
Перілердің қанаттары талған жер.
Туылғанда көк бөрілер емізген,
Елжау бидің кіндік қаны тамған жер.
Үйсін осы тарихымен көрікті,
Қасиетін алыстағы ел ұқты.
Саяхатшы, саясатшы Жаң Чян да,
Жегжат болу ниетімен келіпті.
Елжау күнби, міне, осылай сый көрген,
Құдалық пен достықты тең игерген.
Бір мың жылқы қалың беріп Лю Жянға,
Сұлу қызы Ши Жүнменен үйленген.
Бейбіт күнге жаратылған жаным бар,
Сертке соққан нұрдан таза арым бар.
Үлгі тұтар ұйтқы болды үйсінге,
Ши Жүн, Жие Ю, Фың Ляу
деген ханымдар.
Іле, сенен іздегенді табамыз,
Тарихыңнан мол ғибрат аламыз.
Сенде өтті аты мәшһүр әлемге,
Жүсіпбекқожа Шайхысіләм бабамыз.
Ойлы күймен дауалауға дертіңді,
Қожакедей өсіріп ең ерке ұлды.
Әділетсіз үкіметі Мән Чиңнің,
Тас көмірідң шоғын басып өлтірді.
Сенде өткізіп арман қуған айларын,
Қапияда үзіліпті қайран үн.
Тербетіпті «жайма-шуақ»әнімен,
Бұлбұл Әсет Өр-Текестің жайлауын.
Елімнің көп боздағы мен арысы,
Азаптауға мұқалмаған намысы.
Тас түрменің тас-талқанын шығарды,
Таңжарықтың таңғажайып дауысы.
Іле, сенсіз жерұйығы жоқ дейді,
Қазық қақсаң бәйтерек боп көктейді.
Үйсін бабам керегесін жайған жер,
Қиялдағы жаннат саған жетпейді.
Кешкен күнге ескерткішім бұл өлең,
Үзілмейтін үзеңгіммен шіренем.
Сұлулыққа суарылған жанарым,
Еркелігім, көркемдігім Іледен.
Алтайыма қандай теңеу жетеді,
Тебіренсем тасың балқып кетеді.
Замананың архивына жазылған,
Батырлардың, ғашықтардың мекені.
Құрбан еттің талайлаған текті ұлды,
Шыңғысхандар жорық жолы деп білді.
Жақсылардың жалмауызы Шың Шысәй,
Саған тұзақ, қақпандарын көп құрды.
Ер-Жәнібек мекен етіп бұл елді,
Қаһарланса тұтас Алтай түнерді.
Жоңғарларға жорық жасап Жәнекем,
Жеті қабат жер астына жіберді.
Жұлдыз ағып түскен Алтай аспаннан,
Ғашықтардан жаңбыр болып жас тамған.
Сергелдең боп Салиха мен Сәмені,
Сәукеле тас, жая тасты жастанған.
Тілегіне жете алмаған мұңлыққа,
Жеткізбеген елік болып қашты арман.
Ғашықтығы Қозы Көрпеш-Баянның,
Менің Алтын Алтайымнан басталған.
Батыр ерлер байтақ жерін қорғайды,
Ғашықтықтан елге сенім орнайды.
Батырлығы, ғашықтығы бар елдің,
Бақ-талейі басқадан кем болмайды.
Көре алмаса игіліктің көмбесін,
Бұраң жолда бұқпантайлау елге сын.
Қасиеті алтын кешкен халықтың,
Жауларына бастырмайтын кеудесін.
Батыр Бөке халқы үшін шерленді,
Оған шексіз парасатты ел берді.
Сол Бөкенің Тибетте қап денесі,
Алтын басы Алтайға кеп жерленді.
Киік қашып Алтайдың шың-құзынан,
Жартасыңды жаудың оғы мұжыған.
Жанын қиған жарты сүйем жер үшін,
Ерлігіңді мақтан етіп қызығам.
Ақыт заңғар замананың ақыны,
Бойтұмар боп жоғалмауда нақылы.
Шәріпхандай көшбасшысы бар елдің,
Салауаты биіктеуге хақылы.
Тарбағатай ойдан өзен ағызды,
Әлпештеді Нау-наусынды абызды.
Юань деген патшалықтың тұсында,
Уәзір болып қызмет еткен маңызды.
Осы өңірде жазған екен сол бабам,
«Айдаһарлар жөніндегі аңызды».
Шәуешекте ғұламалар сән құрды,
Алдымыздан арман шамын жандырды.
Сенде өскен Құрманғали Халитов,
Шежіреге елдің шөлін қандырды.
«Тауарих хамса» деген кітабын,
Кейінгіге мұра етіп қалдырды.
Сен шырқадың достық жайлы әсем үн,
Ожданды ұлың, қарт генерал Қасенің.
Бізге талай айтып берген болатын,
Мао Цзы Дуңмен бірге жүрген әсерін.
Елге қамқор Басбай бабам данышпан,
Кореяға көмек берген алыстан.
Сиырлары бұғылармен танысқан,
Ақ қойлары ақбөкенмен табысқан.
Түйелері-өркеші бар арыстан,
Жылқылары құландармен жарсықан.
Тарбағатай, тарлан тарих кешірдің,
Сенде өтті нелер қымбат есіл күн.
Туған халқын азаттыққа шақырған,
Демежан мен Дубегіңді өсірдің.
Тарбағатай, сенен жомарт асар ма?
Қуанамын сырдың кенін ашам да.
Жомарттығы, берекесі бар елдің,
Құт-ырысы ортаймайды қашан да!
Ерен тауым тұлғасына сенген жер,
Нелер ауыр қиын күнді көрген жер.
«Жақсы жерде тыныштық аз болар», деп,
Асан қайғы өз бағасын берген жер.
Ертедегі «Қоян жылғы апатта»
Ауған елім «Ағажайлап» келген жер.
Анау биік-Боғда деген күміс шың,
Боғда деген батыр бабам өлген жер.
Баркөліміз жаралғандай арманнан,
Тылсым көрдік Моридағы аңғардан.
Жорық жасап келе жатқан Шыңғысхан,
Душан деген қалаға кеп таң қалған.
Білу керек, абзал аға, жас іні,
Қалай өтті ғаламаттар ғасыры.
Менің байтақ мекенімнен табылды,
Әлемдегі асылдардың асылы.
Жиреншедей шешен жүйрік кешегі,
Өтейбойдақ бабамыздың досы еді.
Таныстырған Әз-Жәнібек патшаға,
Көңілінде болып үлкен есебі.
Сақтап келген «Шипагерлік баянды»,
Алтын бесік, құт мекенім осы еді.
Қазағымның парасаты сол кітап,
Көп ғылымға жетелейді көшелі.
Ұмытпайық Тайботадай бабаны,
Теміртастай ұлы ойшыл, дананы.
Мазартайдай менің білгір әулием,
Әскери іс, саясаттың маманы.
Тоқтай бабам екі жүз мың қол бастап,
Сары өзен ноқталанып ағады.
Төрткүл ғалам төрт бабамды таниды,
Тарихтың өшпес алтын парағы.
Айтшы, досым, сырларыңды өрелі,
Ақтарайық кеңестерді келелі.
Ата-бабам жер ошағын қазған жер,
Отанымның бөлінбейтін бөлегі.
Табанымыз тайғақ жолдан таймады,
Теңдік деген берекенің қаймағы.
Аман болсын тыныштықтың ұясы,
Татулықтың шаң қонбаған майданы.
Бақыт құсы баппен келіп қонса екен,
Күллі әлемге мақтанышпен көрсетем.
Кешегіден бүгініміз тамаша


Ертеңіміз тіпті нұрлы болса екен!!!





Пікір жазу