СЫПАЙЫ СИЫРЛАРЫМ
Талшық іздеп өрісті шиырладың,
Иең болса білесің күйің барын.
Сен менің азығымсың таусылмайтын,
Сүттен бұлақ ағызған сиырларым.
Торпағымды тойғызсам деп, ішінен,
Сиырларым қайтатын өрісінен.
Бұзауыңмен өзіңді исіндіріп,
Апам сауып сүтіңді, мен ішіп ем.
Игілігім көп менің сенен көрген,
Бодаулы іске жөн шығар төлем берген.
Мен қазір келіспейтін болып қалдым,
Сиырды «кимелегіш» дегендермен.
Беу ағайын, бұл сөзге кектенбе сен,
Нысабыңнан бола ма шектелмесең.
Кимелемей сиырлар қайтсін енді,
Сүтін ішіп, өзіне шөп бермесең.
Тілемейді ол бастауды, ілесуді,
Тілейді олар басқамен бір өсуді.
Сиырлар да біледі ұялуды,
Қамығуды, жауымен күресуді.
Иба көре бермейсің ұяңдардан,
Құбылысты жөн екен жиі аңғарған.
«Оқыс желді» шығарса аңқау сиыр,
Қалың сиыр қуады «ұялғаннан».
Болмаса да сиырдың сыйлағаны,
Мынау анық өлімге қимағаны.
Бір сиырдың жемтігін, қанын көрсе,
Аза тұтып қамығып жиналады.
Өзі тоймай бұзауын емізбейді,
Өзі үшін, төлі үшін шөп іздейді.
Екі сиыр түнесе иен далада,
Қасқырларға бір-бірін жегізбейді.
От – найзағай арқаңды сызғыласын,
Мейлі көңіл лепірсін, тұнжырасын.
Сиырдағы осы үш қасиетті,
Кей пендеден таба алмай қынжыласың!