Кешегі әуен
Даладан сыр тыңдағым келеді. Дала
сөйлейтіндей. Дала... қан майданда шәйіт
болған хандар мен қаһармандар рухын мәңгі
сақтап қалған сияқты....
* * *
Хақназар хан
Шәйіт болды,
Бұл фәниден ғайып болды.
Қалың қазақ қайғы жұтып,
Көкке қолын жайып көрді.
Болат қылыш белден сынды,
Күллі қайрат өлген сынды,
Сенім, үміт,
Күш-жігерді
Дұшпан жерге көмген сынды.
Далаға айтты,
Наласын таң,
Өтейді тек бағасын – қан,
Мызғымайтын қамал құлап,
Масайрады
Баба Сұлтан*
Түркістанды
түгел қылған
Болып кетті
ұлы ер құрбан,
Кек қайырмау – ездік деп ел,
Кек алуға жігшер қылған...
Алты Алаштың
Айбары еді
Асылғандай айға демі,
Түп Отанын
Түркілердің
Қаһарымен жайлап еді.
Қасым ханның
бел баласы,
Бел будырған ел наласы,
Азат болсын деп қан кешті
Қазағының кең даласы...
Жәнібек хан
немересі,
Ерлік тұтқан ел егесі,
Жанын берді алашының
Туырлығы тілінбесін,
Керілсін деп керегесі...
Бойына іліп
бар жарақты,
Қаһарынан қар боратты,
Хандығына көз алартқан
Сарт қылығы жанға батты...
Тектілікпен
Таққа мінді,
Ептілікпен
Атқа мінді,
Қайқы қылыш қынға түспей,
Қастың қаны ақтарылды...
Қан майданның
көрігі еді,
Жауға ажал боп көрінеді.
Шыдамаған айбынына
Қалмақ,
сарттың небір ері.
Жорық десе
Елегізіп,
Жүрді қанша көбе бұзып,
Ханның серті – халық үшін
Шыбын жанын береді үзіп...
Аңдысқан жау
Алып тынды.
Қазығұрт-тау зар ұқтырды,
Ұлытаудай ұлы мекен
Жоқтау айтып,
Налып тұрды.
Сырдың суы
Жылап ақты,
Шер шылады
ұлы алапты,
Қайыспайтын қаһарманды
Хан қазасы тұралатты.
Түркістан да
Теңселген-ді,
“Ханым-ай!” деп,
жел сенделді,
Кек қуатын жан барына
Бар ділімен ел сенген-ді...
* Баба сұлтан – ХҮІ ғасырдағы ташкент билеушісі