Тоныкөктің толғауы
Түрк-сір жұрты үшін
Түн ұйықтамадым,
Күндіз отырмадым,
Қызыл қанымды төктім,
Қара терімді ағыздым...
Тоныкөк жазуы
Кердең де кердең басқан күн,
Кеудеміз жаудан асқан күн,
Қағаным таққа мінгенде
Қай дұшпанымнан жасқандым?!
Қызыл да тілді жебелеп,
Алқалы топтан асқанмын.
Қылыштай сөзбен қын тіліп,
Тауды да бұзып тас жардым.
Ақыл иесі – мен болдым,
Түркіге – бақ болғанда,
Дұшпандарына қазулы көр болдым.
Күндіз отырмадым,
Түн ұйықтамадым,
Елімнің елдігі үшін
Есіктегі құлына тең болдым.
Бас жарылса – бөрік ішінде,
Қол сынса – жең ішінде,
Жан жараланса – тән ішінде,
Қылыш сынса – қын ішінде,
Аңдыған жаудың аңысын аңдап,
Қапысын таптым түн ішінде.
Түстікте – табғаш
Шығыста – құтан
Терістікте – оғыз
Бірігіп шаппақ болғанда,
Түрк-сір халқының жерін
Жау баспасын деп,
Халқымның құты қашпасын деп,
Қағаныма ақыл бердім,
Жұқаны – бектеу оңай,
Жіңішкені – үзу оңай деп
Аталы нақыл бердім...
Төбемде – Тәңірі
Төменде қасиетті жер-су
Жеңіс берді,
Дұшпандардың пиғылын
Теріс көрді,
Әскердің қаһарын
Қағанның алыптығын,
Ақылгөйінің білгірлігін
Бар қағанат тегіс көрді.
Қара терімді ағызып,
Қызыл қанымды төгіп,
Елімнің елдігі үшін
Күлкі көрмедім,
Табғашқа басын имесін
Құдіретті түркілер дедім...
Қағаным ақыл сұраса
Болмады іркілер жерім.
Таққа Білге мінгенде,
Күлтегін сауыт кигенде
Қас жауын сілкілер дедім.
Өтүкен – тұрағымыз еді,
Азаттық – ұранымыз еді,
Көк сүңгі – қаруымыз еді,
Күлік – пырағымыз еді,
Ерлік – шырағымыз еді,
Біздің дәуір өткен соң
Жерімізге тыныштық,
Елімізге – ырыс-құт
Тұрақтап қала ма деген
Тәңіріге қояр сұрағымыз еді...