СӘЛЕМДЕМЕ
Ашқанымда сағыныштың сарайын,
Гүл-гүл жайнап кетті-ау, міне, маңайым.
Баршаңызға жылы жүзбен қарайын,
Армысыңдар, аңқылдаған ағайын!!!
Жатырқама жігіті деп жат елдің,
Баласымын қазақ деген әкемнің.
Болар бәлкім байтақ елге байғазы,
Дарқан көңіл дастарқанын әкелдім.
Қазақ деген қайсар елдің ұлымын,
Өз еліме арналады тұнығым.
Жиырма сегіз мемлекетте қазақ бар,
Сол қазақтың жігітінің бірімін.
Халық жүгін қара нар боп көтердім,
Халық десем арманыма жетермін.
Баршамызды қауыштырған осылай,
Достығынан айналайын, екі елдің.
Алматыда тербелейін деп келдім,
Шаттығымды тең бөлейін деп келдім.
Жарты жармақ дәметпеймін ешкімнен,
Ел көрейін, жер көрейін деп келдім.
Осы өңірді «жер ұйығы» дескен жер,
Осы өңірді мекендеген көшпенді ел.
Осы өңір ел басына күн туып,
Есіл ерлер етікпен су кешкен жер.
Осы өңір Абылайдай ұл туып,
Райымбек ақ сауытын шешкен жер.
Осы өңірге шапқыншылық жасаған –
Жаудың үні ұлып барып өшкен жер.
Осы өңір көп ғылымның көкесі –
Әбунасыр Әл-Фараби өскен жер!
Анық білем алып Шоқан-тау жайын,
Өткенді айтып ертеңгіні баурайын.
Бір қасиет жұғар ма екен бабадан?
Абай туған күл төгерге аунайын.
Алыстамасын ағайынның арасы,
Жырыңды айтшы, жырау қазақ баласы.
Сырыңды айтшы, Сарыарқаның даласы,
Мұңыңды айтшы, Отырардың қаласы.
Бар асылды ата жауға алдырып,
«Ақтабанда» болдың қанша қанжілік.
Содан бері ғажап ғасыр, жыл өтті,
Сондай күндер келмесе екен мәңгілік!
Өсер елде сері менен сетер көп,
Ұл борышы ұжданымен өтелмек.
Шын тілеймін өз қолыңмен көтерген –
Шаңырағың шайқалмаса екен деп!
Сені жаулап ала алмайды мәңгі ешкім,
Сен өйткені ақиқатпен арда өстің.
Ұлы отанның азаттығы жолында,
Бір мың төрт жүз он сегіз күн қан кештің.
Мен осылай кешкен күнді қозғадым,
Арлы азамат ойламайды өз қамын.
Халық бүгін қадірлеуге міндетті,
Елі үшін боздап өткен боздағын.
Ұл боп тудым, ұлша өмір сүрейін,
Ең алдымен мен осыны тілейін.
Осы халық түкті жүрек ұл туып,
Жауларының ұшырып ед үрейін.
Қасиеті қалай екен білейін,
Бауыржанның көшесімен жүрейін.
Төтеп берген аптап пенен ызғарға,
Арулар ғой жаудың шебін бұзғанда.
Асыл рухы Әлия мен Мәншүктің,
Бар шығар-ау, анау көркем қыздарда.
Қазақта көп Жібек қыздар бар еді,
Бұл тұжырым кіл шындықтың дәлелі.
Таңырқаған азияның әлемі –
Камалиева Салтанатың әдемі.
Мединені деуші ек бұрын алыс жер,
Қазір аспан әлемімен танысты ел.
Бұл да сенің мақтанышың қазақтар –
Тоқтарың мен Талғатың бар ғарышкер.
Күшіген құс болмайықшы босқа ұшқан,
Босқа ұшсақ табалайды-ау, дос-дұшпан.
Озық ойлы азаматтар көбейсе,
Бәлкім әлі-ақ жолығармыз космостан.
Жиырма бес жас құшағыма толып гүл,
Ата жұртқа келу бақыт болып тұр.
Сағынышпен еске алатын болайын,
Сұңғыла қыз, сүйікті ұлға жолықтыр.
Соларменен сырласайын деп келдім,
Гүл теруге қырды асайын деп келдім.
Лазер нұры деген мынау дәуірмен,
Қалжыңдаспай шындасайын деп келдім.
Разы боп көңілді өткен күніме,
Ұлықпанша бір жасайын деп келдім.
Шын жоқшысы болсам екен өткеннің,
Өткен күннің өкінішін көп көрдім.
Аралың мен Балқашыңның ортасын,
Ойлы жырмен толтырайын деп келдім.
Жәннат болып кетсе-дағы жер мен көк,
Бұл өмірде өкінішпен өлген көп.
Қасымың мен Мұқағали аяулың,
Бұл пәнидің рахатын көрген жоқ.
Көп айтып ем өрт Қасымның жыр-әнін,
Мұқағали жырын оқып жыладым.
Жырлап өткен, жылап өткен ақынға,
Оқылатын осы өлеңім – құраным.
Күллі әлемге бейбітшілік тілеген,
Өз елімнің сұлтаны боп шіренем.
Келдім анау миллиардтар елінен,
Тұнық қазақ дегеніңіз, міне мен!
Жаңылмашы, өз ұлтыңның атынан,
Дәстүріңнен айырылсаң аһ ұрам,
Қазақ тілі, қазақ салты жайында,
Құрбыларды бәсекеге шақырам.
Ұйтқы болып оқу деген центрге,
Алтынсарин Ыбырай өтті бертінде.
Ана тілден айырылмайын десеңдер,
Құрмет қыл шарбат тілді шалдарға,
Құрмет қыл кербез тілді кемпірге.
Тіл – жазуды тауып алам десеңдер,
Байтұрсынов Ахметті өлтірме.
Шала деген атты өзіңе келтірме,
Шала деген атты өзіңе келтірме!
Туылмаған қағажудың бірі де,
Ризамын күдігі жоқ күніме.
Бізде қилы қиын күндер болса да,
Шектемелер қойылған жоқ тіліме,
Шектемелер қойылған жоқ дініме.
Алыстамаған барлық ұлттан арасы,
Біздің елдің қазағына қарашы.
Хан ұлтының көп тарихын жазыпты,
Мазартайдың Тоқтай деген баласы.
Ыстыққа да, суыққа да төзімді,
Жігіт болдым алаулаған сезімді.
Сол ғұлама жақсы атаның зәузәті,
Мықтымын деп, есептеймін өзімді.
Кездессе де мың жезтырнақ, мың мыстан,
Айырылмаппыз біз күрделі тұрмыстан.
Моңғолмын ба, Меркітпін бе деп жүріп,
Бұл пәниден өткен екен Шыңғысхан!
Мен осындай ғаламатпын, ғажаппын,
Мен осындай қасиетті қазақпын.
Қақылымын масайрауға алаңсыз,
Бұл шаттығым болмайды енді аз-ақ күн.
Аулақ менен, қара түнек азап-мұң!
Келгенімде жаны жайсаң ізгі елге,
Не жетеді емін-еркін жүзгенге.
Алдыңда тұр, Қайрат деген азамат,
Безбендеудің қортындысы сіздерде!
Заман-кешу, заман-тарих, заман-жол,
Сол замандар сыр ұқтырған маған мол.
Тілектердің саны шексіз болады,
Соңғы тілек, ағайындар, аман бол!!!