03.09.2022
  119


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

МЕНІҢ АРБАМ

Көз жетпесте асылым қалғандай нақ,
Мен асығыс келемін арбамды айдап.
Бұл сапарда мұнартып күн батады,
Бұл сапарда атады таңдар жайнап.
Жол тоздырып арбамның дөңгелегін,
Аманат ауыр жүкпен мен келемін.
Қайырымды ауыл тоқтатып берді сусын,
Кер далада шаңырқап шөлдеп едім.
Сонда да менің арбам жай таппады,
Жүріп келем маңайды байқап тағы.
Бір ауылдың тұсынан өткенімде,
Бұралқы итін кейбірі айтақтады.
Мен неге жол жүруден жалығармын?
Ұзақ жүргім келеді, ары барғым.
Арық ат, сынық арбам тоқтамады,
Көп елдің бөгенайын танып алдым.
Қайдасың самғар көгім, арман көлім,
Кім білсін құздан ба өлім, жардан ба өлім?
Өмір – сапар тоқтайтын кезі болар,
Атым өлер, шағылар арбам менің.
Жыр арбасын айдасаң жырмен доғар –
Осылай дер, соңғы ұрпақ бір кезде олар.
Мен өлгенде сол атым пырақ болып,
Мен өлгенде сол арбам күмбез болар!





Пікір жазу