Поэмалар ✍️
АДАМ
Дегдар халқым, деме маған «қой ұлым»
Адам жайлы ұланыңның ойы мың.
Жалған сөздің жарқ еткізсем сойылын,
Талша қырқыл, менің қылша мойыным.
Жасадық па қуаныштан бөлек той,
Айта алдық па бақи жайлы деректі ой.
Болашақты болжау үшін адамдар,
Әлмисақты бір еске алу керек қой!
Көрді адам көп ықылым, ғасырды,
Оған талай азулылар басынды.
Жыртқыш жеген өлексесін сасытпай,
Топырақпен, жапырақпен жасырды.
Алыстатпай күн көруден іргесін,
Өткізді олар керуенді жыл көшін.
Ауру, аштық табиғаттан келсе өлім,
Көз жасымен бірге көмді мүрдесін.
Көрмеді олар ерте жатып, кеш тұрып,
Жүр үйткені талай дөкей сес қылып.
Қауымдасты, жұптасты олар, топтасты,
Осыдан-ақ көрінбей ме естілік!
Алуан әнге бөлендіріп құс көкті,
Сайрандапты, оқпен жерге түспепті.
Жер – анада мұндай қалың жара жоқ,
Көркем еді-ау, қалы кілем іспетті.
Адамдығым – ғажайыппен шектесу,
Адамдығым – сүйіну мен кектесу,
Адамдығым – құбылыспен беттесу,
Адамдығым – айтса бітпес көп кешу.
Кейде жүрген жолымыздан шегіндік,
Кейде тіпті жіктелумен елірдік.
Ақ пен қара, сары, қоңыр нәсіл боп –
Біз адамдар енді осылай бөліндік.
Нәсілден де таппаған соң жарастық,
Біз тағы да ол қулықтан ары астық.
Жердің шары бес құрлық пен төрт мұхит –
Деп бөлдік те енді осыған таластық.
Жосындарды тәрік етіп бұрынғы,
Ойлап таптық тыңнан тағы бір үлгі.
Адамдардың пысықтығы арқылы,
Шекаралы мемлекеттер құрылды.
Бірақ, тыныш өте алмадық мәңгі өстіп,
Торығумен кейде ауыр хал кештік.
Қоңыр аңдар жыртқыш аңның азығы,
Бізге содан жұқты ма екен қандестік?
Жаулап алды бақталастық еркіңді,
Өзің солай асқындырдың дертіңді.
Оразада қазірет Ғали бабамды,
Абдрахман Бин Мүлжім өлтірді.
Айрылдық-ау, кейде таза көріктен,
Сөздер қайда тасты майдай еріткен,
Өзгерсе де әлем қанша құбылып,
Әділеттің орнамауы неліктен?
Күштілер кеп әлсіздерге алайса,
Байғұстардың қорқатыны қалайша?
Ойшыл кедей ойсыз байға жаутаң көз,
Күні үшін күлік жеген малайша!
Шексіз байлық қанағатсыздың қайығы,
Бітім айтты жалмауыздың жайыны.
Салауаттың саждасына бас ұру,
Бізге ерте жұқты ма екен зайыры?!
Адам үні аспан кернеп, жер жарды,
Туып, өліп жалғасасың сен мәңгі.
Аспанда құс, суда балық болдыңдар,
Айтшы енді, істемеген нең қалды?
Күн нұры жоқ жан дауа боп табатын,
Гүл нілі жоқ өзегіңді жаратын.
Бактерия бәсекесін ұлғайттың,
Дал-дұл етіп анау озон қабатын.
Қазір жойғыш құрал жасау әлегің,
Бәсекемен өндіруде әр елің.
Ядро қару ойыншық етіп тастады,
Қарапайым шиті мылтық замегін.
Нейтрон бомба жай қарудан мың қымбат,
Жұлымырлар, соны жасай білдің нақ.
Соның бәрі ештеңеге соқтықпай,
Кетеді екен тек адамды қырғындап.
Соғыс десе түршігемін қарадай,
«Бомба жесе» деймін қайран далам-ай.
Қол басындай сол құбыжық түскен жер,
Қалады екен ештеңеге жарамай.
Жер ананың бар байлығын тонап ап,
Енді оны жараласақ, обал-ақ.
Соғыспай-ақ қойсаңдаршы, адамдар,
Жүрсеңдер де ұжмақты жобалап.
Жолы қайда өнегелі өнердің,
Соны теріс пайдалана жөнелдің.
Қырып-жою апатына айналды,
Таңғажайып тапқырлығы Нобельдің.
Адам тапқыр, жасампазсың, білгірсің,
Ізденусіз ішіп-жеген күн құрсын.
Химиялық бір жүз тоғыз элемент,
Тағы қанша болатынын кім білсін?
Қанағаттан айырылып тағы да,
Ой бөлмедің табиғаттың заңына.
Жиі-жиі мазасызданды маңғазым,
Ана-жердің ядросы мен магма.
Жер қопардық миллион метр, мың метр,
Адам бұрғы машинасын мін де тұр.
Адам-бала, жер-ананы күйретіп,
Ақыр заман болмасына кім кепіл!?
Өркендедік көп ғылымға жол салып,
Қуанар ек соның бәрі болса құт.
Кереметің қанша болса адамдар –
Кесірің мен кедергің де соншалық.
Бұл адамдар ұрпақ жалғап түрленді,
Қалды әйтеу ғұмырынан бір белгі.
Несібесін ғасырлар мен жыл берді,
Ұқсамаған «қоғамдарда» күн көрді.
Тағы сондай бөлінуден бүлінді ел,
Ұстараның жүзінде өмір дірілдер.
Кетті қаптап ілімдер мен «измдер»,
Қайсы «изм» бақ сыйлайды біліңдер.
Табиғилық мезгіл өтті бастапқы,
Жасандылық бәрін сырып тастапты.
Шешуі жоқ жұмбақ болды бұл пәни,
Түсіне алмай ой жұқарып, бас қатты.
Адам ата, Һауа ананың баласы,
Таусылмайды жаласы мен наласы.
Адам, адам, қайрылып бір қарашы,
Алшақтады жақындықтың арасы.
Иба болса деуші еді иман бар,
Ей, адамдар,тұнық көңіл-күйді аңғар.
Бір-біріңді жаманатқа қимаңдар,
Балта сабы аз ғұмырды сыйлаңдар!!!