03.09.2022
  135


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

КӨЗ ЖАСЫ

Күнә болар жазмышты кіналаған,
Үнемі күліп тірлікте тұра ма адам?
Пенде болып келген соң бұл пәниге,
Кім бар дейсің өмірде жыламаған.
Күлуші едім, бірақ мен желікпеп ем,
Жыласам да жігерді кемітпегем.
Көп себебі бар екен көз жасының,
Бәрін-бәрін, бір-бірлеп көріп келем.
Байлығы керек болмай хан-төренің,
Еркелік болған екен бар сенерім.
Бала күнде жыладым ауық-ауық,
Айта алмаймын мен бүгін дәл себебін.
Рас аға, өзім де жылағышпын,
Шаттанғанда көзімде тұрады ұшқын.
Кеткен келіп, кемдігім толған шақта,
Тұнық жасы төгілген қуаныштың.
Тұрмаған соң бұл тағдыр ерік беріп,
Сарғайтады мың елес төніп келіп.
Баяғы, өткен күнді сағынғанда,
Көз жасымды жіберем төгіп-төгіп.
Кезім жоқ уайымға бос құлаған,
Кейде мені мүсіркеп дос жылаған.
Сонау жыл қасіреттің ауыр жасы,
Нұр жүзімді аямай осқылаған.
Соның бәрін көтеру көңілге сын,
Жаным неге сенімге семірмесін?!
Есіл жұрт, жеттік міне жақсы күнге,
Қасіреттің көз жасы төгілмесін!!





Пікір жазу