03.09.2022
  100


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

ӨКІНІШ

Сылқым едім сылаңдаған жасымнан,
Қиын болар өткен істі жасырған.
Елде жоқ бір сұлу алсам деп жүріп,
Жастық шағым кетіпті өтіп басымнан.
Айлар алдап, жылдар өтті жұлқынып,
Кетті басқа ақ шаш қаптап ушығып.
Жас бейшара шегерсем де тоқтамай,
Қырық беске бір-ақ барды қырсығып.
Шашымда да қалмай барад қарайған,
«Ақ күмістер» жылтылдайды самайдан.
Жығылғанға жұдырықтап дегендей,
Сақал болды кәрілікке дәл айнам.
Кәрілік те келіп жатыр хабарлап,
Ет те қашты бет-ауыздан тарамдап.
Бар сенгенім қасқа тісім түсіп ед,
Қызыл тілім шыға келді жалаңдап.
Жылпос жүріс, жылтыраған өң тозды,
Махаббатқа қате сыздым чертёжды.
Албырт көңіл, тәтті үміттер алыстап,
Өкінішті арқалады ой сорлы.
Бұлай болар деп ойлаған кім бұрын?
Мазағына ұшырадым құрбының.
Сұлу іздеп босқа өткізген өмірден,
Артық екен «сүйіп алған су мұрын»





Пікір жазу