03.09.2022
  100


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

Еңіредім кірпігімді жас қырқып

Еңіредім кірпігімді жас қырқып,
Тентіредім табанымды тас жыртып.
Құйын соғып құтырынған қоғамда,
Бақыт құсы бізден алыс қашты үркіп.
Меңіреу мұң, мені жастай меңдеттің,
Қасіреттің бесігінде тербеттің.
Қайран әке, мен бір жасқа толмай-ақ,
Жат мекенге жан сауғалап сен кеттің.
Жәбір сөзді естіп өстім елден көп,
Жүрдім талай босағада телмеңдеп.
Тарпаң тағдыр тасбауырлық істетті,
Мен әкенің мейірімін көргем жоқ.
Тебінді ұлы болғаныңмен текті елдің,
Өміріңді өкінішпен өткердің.
Ағартушы «Халық жауы» саналған,
Тағы да бір зар заманға дөп келдің.
Кетпепсің-ау, Төлегенше жар таңдап,
Жаныштапты пәле-жала, бар салмақ.
Туған жерден, өскен елден кетіпсің,
Империя шекарасын талқандап.
Халықаралық босқын болып бір күнде,
Қай қырсықтың қарсы аларын білдің бе?
Дәрменсіз боп сенің бодан отаның,
Белорысқа кеттің тағы сүргінге.
Құрбаны боп мейірімсіз мезгілдің,
Сергелдеңді елге солай сездірдің.
Еңіреп кеп Ертісіңе жеттің де,
Аңсап Алтай-Сауырыңды көз жұмдың.
Пенде атаулы таба алмайды бақты оңай,
Кездеспейді-ау, кілең даңғыл, сәтті орай.
Ақын болды сенен қалған жетім ұл,
Әке, соны көре алмадың әттең-ай!





Пікір жазу