03.09.2022
  117


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ЖАУМЫТБАЙ

Келмеске кеткен кеңестік дәуір кешегі
Тамыз айының тамылжыған бір кеші еді.
«Табынбай екі адамды атып тастапты!»
Гу ете қалды ауылдың кенет өсегі.
— Апырай, не дейт! Жия алмай қалды ел есін,
Содан соң бас қып көпті көрген бір көнесін.
Ауылдан шетте үш-төрт үй болып отырған,
Табынбай үйін бетке алып қарттар жөнесін.
Жөнелді қарттар...Әңгіме әрі жалғасты,
Бір хабар асты хабардан келген алғашқы:
— Екі жігітті табанда атып өлтіріп,
Екі жігітті тұтқын қып апты, албасты.
— Тапа-тал түсте...мұнысы несі, шырағым?
— Қанішер неме, қан болған шығар құмары.
Мектеп бітірмей кісі өлтірген ит емес пе,
Сағынған болар абақтыдағы тұрағын.
— Түрмеде де адам өлтірген ол.
Шықты бір дауыс,
Әлгі дауысты құптай жөнелді мың дауыс.
Даурығысты жұрт өз алдарына әкеліп,
Ел жадындағы ұмытыла бастаған күнді алыс.
— Осы ауыл тіпті жүре алмайды кіл «батырдан»,
Жайдан-жай атып... өздері шығар шатылған, —
деп еді біреу, ортаға шықты бір жаулық:
— Бар пәле анау қатыннан, дейді қатыннан.
Сөзінде дән жоқ, сөйлессең мейір қандырар,
Тым болмаса түрі болсайшы, естен тандырар.
«Жеңешелеп» кеп әзілін айтса, жігіттер,
— Еркек боп маған тиісті, — депті әлгі қар.
Балаң көңілді қайғы мен қара мұңға орар,
Өсек-аяң көп, жеткенше шамаң тыңдап ал.
Қарттарды күтіп, ұйлығысып жұрт тұрғанда,
Табынбай жақтан тағы да жетті бір хабар.
— Ажалы жетпей, Табынбай жерге кірмейді,
Тағы да келсін жанынан безсе кім мейлі! —
Депті.
Қоңыраттан келген он шақты
Млитса үйге кіре алмай қорқып жүр дейді.
...Алғандарыңдай айтылған мынау ақпардан
Табынбай «бандит», екі рет бұрын сотталған.
Ол жүрген жерде шу біткен бәрі басылып,
Ол жүрген жерден жүретін алыс сотқарлар.
Қабағын түйсе, ықтырар елді сұсы бар,
Қайратын жиса, атанды жығар күші бар.
Ауылдың барлық тентегін жиып келсең де,
Бір ауыз сөзбен басып тастайтын мысы бар.
Үлкенді көрсе жүгіріп сәлем беретін,
Қысылған жан ол көмектесетініне сенетін.
Әсіресе, қатты жақсы көруші ед баланы,
Балалар да оны керемет жақсы көретін.
Ал, енді, міне... істеген ісі мынадай,
Ел көңлі толқып, алағай болып бұлағай.
Тұрған бір сәтте көрінді қарттар, ұмтылды ел,
Мән-жайды анық естігенше бір шыдамай.
Қабақтарымен қайтарып елдің меселін,
Бір жауап қатпай сұрақтарына көшенің.
Өте берді олар, қатын-қалаштың көзінше
«Бала-шағаға» есеп беруші еді, бәсе кім?
Кейін естідік. Алдыға салып батылын:
— Ау, мұның не? — деп кіргенде қарттар ақырын,
— Екі қоянды атып алдым! — деп желпініп, —
Сендерді күтіп отыр ем, — депті батырың.
— Ау, ағаларым, айтпай бір кетті демеңдер,
Ақылға бастан жан емес едім кемеңгер.
Осылай болып қалғасын жерде ендігі,
Жайым жоқ тіпті «менен болды», деп төмендер.
Қатын сөзіне ергенім рас, құтырып,
Содан соң бірақ айтар сөзімнен ұтылып.
Кешірім сұрап, болмағасын оған жігіттер,
Төртеуін ұрып қашып кетіп ем, құтылып.
Қуып келді үйге, дастарқаннан дәм татырдым,
Дәл осы жерден басталса деп ем татулық.
Ал олар қояр түрі жоқ тіпті болғасын,
Қара күшке сап төртеуін қайта «жапырдым».
Қайрылып келіп есігім көздеп оқ атты,
— Ер болсаң, шық! — деп жаңғыртты
барлық алапты.
Жер басып бұлай жүре алмайтыным анық-ты,
Түріндім сосын мен-дағы жең мен балақты.
Терезеден шығарып қатын-баламды,
Көтеріп алдым төсекте жатқан анамды.
Тыныштау жерге апарып оны жатқызып,
Мылтығым менен оғымды ап кейін оралдым.
Меңдібай мені ойлады ма екен қашты деп,
Қамсыздау екен, ажалдың тілін бастым кеп.
Мадияр ұмтылып жете алмай қалды мылтыққа,
Құлады ол да маңдайыменен тас тіреп.
Жазуы солай болған шығар тағдырдың,
Мына екеуін дүмімен ұрып талдырдым.
Иттің балдарын атып тастар ем, бірақ та,
Өзіме де куә керек-ті ертең... қалдырдым.
Айтатын сөзім осымен енді тамам-ақ,
Уа, қайран жұртым, сау болып тұрғын, саламат.
Қатынды қойшы, өлмелі анау кемпір мен
Мына балалар өздеріңе енді аманат!
Сөзінің соңын аманатпен салмақтап,
Қапысын аңдып, анталап тұрған жан-жақтан,
Милицияларға өз еркімен беріліп,
Солармен Тәкең жөнеле берген Қоңыратқа.
Суық хабармен дүрліктірген бар алапты,
Елменен бірге жел-дағы сол сәт таратты.
... Өлген екеудің қанына жүзін малғандай,
Қып-қызыл болып көкте күн батып баратты.
ІІ
Қоңыр күз батып, басталған шақ-ты қара күз,
Қап, қанар ұстап мақтада жүрген бала — біз.
Бригадирдің қабағын аңдып, ол кетсе,
Мақтаны тастап, асыр сап ойын саламыз.
Күз билік берген айдауыл-желден жеңіліп,
Жапырақ біткен жер құшып жатты, төгіліп.
Қамба-ғұмырдың қазынасына қол салған
Сұр тышқан-уақыт астық-күндерді кеміріп.
Мезгілі өтсе болады барлық сән құрбан,
Бұлттарды жинап, жынойнақ көкте салдырған.
Кәрі қыз-сары күз көп жылады ма, әйтеуір,
Біздің ел сол жыл көз ашпай қойды жаңбырдан.
Ағасы өліп, бастаған алға көшін мұң,
Қара күз — менің көңілі еді досымның.
Қара бұлт — сол күз қабағы еді қарттардың,
Ал жаңбыр — сол күз көз жасы еді жесірдің.
Ал жұрт па? Жұрттың көңілі сол сәт сабын-ды,
Екі бөлінді, пікір де екі жарылды.
Табынбайға сот болатын күні Қоңыратта,
Бар ауыл түгел қалаға қарай ағылды.
Басталды сот та, тыңдауда ел-жұрт даурықпай,
Аңырай берген қозысы өлген саулықтай.
Кемпірін тыйып қабағыменен, тұрды да:
— Судья, балам, сөзім бар, — деді Жаумытбай.
Жаумытбай — өлген Меңдібай ердің әкесі,
«Бетің бар...» демей бетке айтар жалғыз «қатесі».
Тамағын кенеп, айнала шолып шықты да,
Сөйлеп бір кетті барша елдің сыйлы Жәкесі:
— Ақ ісіме әрбір жаратқан ием жақ болып,
Жүрген бір жан ем ырысым толып, бақ қонып.
Құдай ісі де... осылай болды, қайтейін,
Ажалын іздеп барыпты балам... тапты оны.
Қан жұтып әбден жылап тұрса да жүрегім,
Айтпасам мұны қиянат болар, білемін.
Мына баланың түк жазығы жоқ, ол үшін
Қолыңнан келсе, босатып жібер, тілегім.
... Тоқтатпай көзін бұзылған жұртқа сабындай,
Бұрылды Жәкең, қалпынан тіп-тік жаңылмай.
«Апыр-ай, Жауке, өлтіріп кетсең жақсы еді!» —
Сылқ етіп жерге отыра кетті Табынбай...
ІІІ
Дүниеден мынау не дүр мен өткен не сері,
Жинаған қазір Жаумытбай шал да төсегін.
Жиын-тойлардың көркі болып жүр бүгінде,
Дуалы ауыздан шыққан әңгіме кешегі.
Құдайым кем қып жаратса да туыс-бауырдан,
Құламай небір борандар мен дауылға.
Бес жылға жуық кесігін өтеп келгесін,
Табынбай көшіп кеткен-ді біздің ауылдан.
«Ірілік енді айналып өтер ұлтыңды!»
— Мүмкін емес! — деп жүрегім талай бұлқынды.
Пендені көріп мал үшін жанды жазғырған,
Жаумытбай қартты сағына берем біртүрлі...





Пікір жазу