ҚАРА БҰЛТ
Қабақтағы кірбіңді ұмыттырар,
Ақ бұлт едің
төбемде күліп тұрар.
Көктем - жеңгем жүретін арамызда,
Балауса қыз, түбіт мұрт жігітті ұғар.
Көкорай бел.
Айнала көкпеңбек-ті,
«Қолұстатар» - жүзік ап, Көктем кетті...
Дария тасып...
Ар жақта қалып кеттік,
Бері қарай өтетін өткел жоқ-ты.
Бір шешімге келе алмай
сәл отырып,
Бой бермесін біздерге көре тұрып.
Асау, қатты ағысқа қойып кеттік....
...Бәлду-бәлду, бұл күнде, бәрі өтірік.
Бір үзілген ән кейін жалғасар ма,
Уақыт көнбес,
қанша тал қармасаң да.
...Терезесін көңілдің тырсылдатып,
Бір қара бұлт жылайды анда-санда.
Қара бұлт-ай, төгесің зарлы әуенді,
Сезем, иә, ішіңде ақ арман өлді.
Мені қайбір жетісіп жүр ғой дейсің,
Қайта-қайта мазамды ап,
нең бар енді...
Дөп баспаған тағдыры пернедейін,
Бола алмадым,
иә, рас, мен – мерейің.
Өкпеңді Көктем мен сол... бозжігітке айт,
Қырма сақал қырықта мен не дейін...