03.09.2022
88
![](/uploads/shorttexts/author_image/atm2437-450x330.jpg)
ӘҢГІМЕ
Қар астында қап кеткен арман боп шын,
Бұлқынады бәйшешек... жетем дей ме?
Сенем, иә, қоңырау шалған жоқсың,
Телефон ғой басылып кетер кейде...
Талғажау етем кейде ой сындырып...
Осылай талай-талай өттім жолды.
«Мен өлең оқымаймын...», — дейсің күліп,
Мен де жыр жазбағалы көп күн болды.
Анда-санда түсіме кіреді ұя,
Қанатыңды қаға алмай қалған едің...
«...мен сені сағынбаймын!». Білем, иә,
Сағыныш — дерт қой, беті аулақ оның.
Мен мықтымын, сезімді... ұтып тындым,
Бұрағанда көңілдің құлағын күй.
«Асығыспын, біреуді күтіп тұрмын...»
Ойымыз да бір жерден шығады ылғи.
Деуші ең бұрын: «Сен қатты күйреуіксің»,
Енді , міне, «көп іске араласып...»
...Сен өтірік айтуды үйреніпсің,
Мен де сөйтем кей-кейде қара басып...