03.09.2022
143
Алдымнан қызыл түлкі таң күлгесін
Алдымнан қызыл түлкі таң күлгесін,
Ұмтылып ем... таппадым жанның хошын.
Сырғаңды қайық қылып өткізбедің,
Есілдің ар жағында қалдым сосын.
Қан жұтқан жүрегімді ұстай налып,
Қала бардым жай түскен тұсты айналып.
Дарияның ар жағынан өртті көріп,
Шыдадың екен, қалқам, ұшпай нағып?
Есілдің өткел бермей тасығаны-ай,
Көңілдің жұртта қалып жасығаны-ай.
...Дидарын Күн қалқаның бір көрсем деп,
Дедектеп, таңға қарай асығады Ай.
«Мендегі сағынышты, айнам, біл, шын,
Жүрекке тамырыңды жайған... Күнсің»
Аппақ ай асығады.
Таң-арманның
Қызыл түлкі екенін қайдан білсін...
Есілдің ар жағынан көргем сені...
Жеткізбей жүдеттің-ау, ерді еңселі.
«Сырғаңды қайық қылып өткізбедің,
болсаң да хордың қызы көрмен сені...»