03.09.2022
  99


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

АҚ ЖАУЫН

Жаратқан ба бақытты өткінші ғып,
Ұмтылып ем, жетпек боп, көп құлшынып.
Қол созым жерде күліп тұрдың-дағы,
Бірте-бірте ақ бұлтқа кеттің сіңіп.
Ақ бораннан мен сені іздеп көргем,
Содан кейін көктем, жаз, күзді өткергем.
Есіміңді аспанға жазды бір сәт,
Қайтқан құстың қатары тізбектелген.
Жақын салған жарасын жат ұлғайтып,
— Күнін көріп жүр, — деп, — бұл ақын қайтіп?
Көктем-қыздың тойына шашу шашып,
Құстар тағы оралды атыңды айтып.
Мен өзіңмен күнде іштей тілдесемін,
Қалған шәйін тарттың ба мұң-кесенің,
Найзағай боп бір сәтке жарқ еттің де,
Жаңбыр боп жаудың сосын бірнеше күн...
...Ақ жауын — шөл басатын ән, бауырым,
Осылай басар уақыт жан дауылын.
...Бір уақыт жанның кірін шайып кетер,
Сен аман бол, дариға, ақ жауыным.





Пікір жазу