03.09.2022
  123


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

САҒЫНЫШ

Саған барам десем мен «неге?» дейсің,
Сол сөзіңмен орнымда шегелейсің.
Мен су жұтып тұншыққан матростай,
Ал сен оған қайрылмас кемедейсің.
Лықсып-лықсып төгілсе мұң пернеден,
Жаздырады жүрегім түндерге өлең.
Дәл осылай болар деп ойламап ем,
Жолымыз айрыларын білгенменен.
Айдың жүзін қиялмен өпкен бейне,
Ғашық жанға ұқсайды көктем кейде.
Мен — ақылды секілді ем, сен — сезімтал,
Орынымыз ауысып кеткендей ме?
Жоғалтса да ғажайып ертегісін,
Жеңілдім деу қиындау еркек үшін.
Сағынбаймын деп қоям түніменен,
Шаншитыны болмаса кеуде тұсым.
Ақылыңа бағынбай бұла сезім,
Түн ішінде жанғанда шыра-көзің.
Сағынбаймын деп іштей күбірлерсің,
Сенесің бе соныңа бірақ өзің?!





Пікір жазу