Күрсінісің — тамұқ ед, жымиысың — жұмақ-тын
Күрсінісің — тамұқ ед, жымиысың — жұмақ-тын,
Менің сорлы жанымды тамұғыңа құлаттың.
Сенің күлкің әлемге сәуле шашар күні,
Мен
Тәніме үрлеп дем салған елесіңнен тірілем.
Сені еске алу — Аллаға ғибадат қып табыну,
Бүйідейін сорғанда сағыныштың балын у.
Көкке қарап қол созған есалаңдау күйімде
Шарап ішіп мас болам қызғаныштың үйінде.
Сосын үнді өшіріп бас көтерген табыттан,
Бас кессе де айнымас бір аллалық бағыттан,
Күллі әлемнің мейірімі мен ізгілігін танытқан,
Ар суымен шайынған күнәдан пәк қалыпта,
Жолымызға гүл егіп Ай мен Күн егіз,
Адам ата-Хауа ана боп жұмаққа бір кіреміз.
Періштелер тізерлеп нұрмен жуған шекесін,
Біз бақытты жандармыз Алла қиған некесін.
... Міне, осындай әртүрлі ойға батып кешкілік,
Таң ағарып атқанда сана оянып, ес кіріп.
Өзім үркіп өзімнен «қоштасам» да сенімен,
Былай шыға бергесін тағы екіге бөлінем.
Жан дүниесі ерегес, әлсіздеумін бірінде,
Сәл нәрсені елемес, арсыздаумын бірінде.
Әлсіздеуім ынтығып сені сүйер әлі де,
Арсыздауым жымиып қолын сілтер бәріне.
Мен осылай бастары бірікпейтін екі елмін,
Бар шешімге келе алмай өте берер бекер күн...