03.09.2022
  91


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

БЕСҚАЛАДАН АҒЫЛЫП КӨШ КЕЛЕДІ...

Бесқаладан ағылып көш келеді,
Көшкен елдің көңілі бос келеді.
Ойлауға да зауқы жоқ ештеңені,
Заманының кәрінен сескенеді.
Бесқаладан ағылып көш келеді.
Бесқаладан ағылып көш келеді,
Түсіреді осы көш еске нені?
Ана жылғы аштықта бұратылып,
Ата-баба осылай көшкен еді.
Ол жолғы көш құлаған Бесқалаға,
Тамақ іздеп қатын мен жас балаға.
Барын беріп қарсы алған ондағы жұрт,
Мұсылманның баласын дос санаған.
Туған жерді қай құдай бөтен қылған?
Сағынышын желге айтып етер мұңлы ән.
Қыр қазағы ау салып, егін егіп,
Арал, Әму жағасын мекен қылған.
Кеудеде оралам деп үміт қалған,
Бірақ, бірақ жеңе алмай күдікті арман.
Жабы-тірлік көндіріп дегеніне,
Бірте-бірте сол жерге сіңіп қалған.
Одан бері бірталай заман өткен,
Бодан елді азаттық самалы өпкен.
«Ақжігіттің» тұсынан қада қағып,
Қазақ, өзбек сол маңды шекара еткен.
Бұрын Отан ортақ деп көсіліпті,
Туған жердің қадірін кеш ұғыпты.
Қара қалпақ кигені қумаса да,
Ала шапан кигеннің сесі мықты.
Қарындастан бұл күнде көңлі қалған,
Атажұртқа оралу — ендігі арман.
Қимайтындай дәнеңе қалған да жоқ,
Әму мен Аралдың тек... орны қалған.
Құмалаққа салғанда болашағын:
Көз тартады алыстан дала сағым.
Үкіметі сәл қырын қарағанмен,
Пейлі түзу, әйтеуір, қарашаның.
Болмаса да өзінің «еш керегі»,
Ұрпағым сіңіп кетер дескен еді.
«Туған жердің тасы да дос», — деп еді,
Жетіп жығылғанды бір хош көреді,
Бесқаладан ағылып көш келеді.
Уа, қарсы алатын кім бар?





Пікір жазу