03.09.2022
  130


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ІҢКӘР

Кеше ғана қоштасып бара жатқан,
Күн боп тағы оралды домалап таң.
Күтіп алып, сол күнді шығарып сап,
Жүрген күнге мың тәубе, о, Жаратқан...
Өлмес әуен қалдырған саздан мұңлы,
Бола алмаймын, мен, сірә, қаздар ғұрлы.
Көшіре алмай отырмын қағазыма,
Қайтқан құстың қанаты жазған жырды.
Көңлі босап, хал-жайын сұрағанға,
Өксіп-өксіп, мұң шағып, жылағанда.
Ақ қайыңның басынан сипайтұғын,
Менен басқа жан жоқ па бұ ғаламда...
Қайың жайын сонымен біз ғана ұқтық...
Таба алмай-ақ келсе де жүз барып түк.
Қайта-қайта аспанда шырпы жағып,
Бірдеңесін іздейді, Күз жарықтық.
Қайтқан құстың көзінде мың аунаған,
Тыраулаған дүние-ай, тыраулаған.
Көзін жасын сүртпеген қалпыменен,
Көкірегіме кеп кірді мынау ғалам.
Күз Желді бетіменен жібергесін,
Ықтасын ғып жанымның күрең қосын.
Жапырақтар жапырлап кіріп жатыр...
...Мені өлең жазды дейді-ау, біреу сосын.





Пікір жазу