03.09.2022
  104


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

САЯСАТ. БАҚЫТ ШАЛ. МЕН

Қалт етсе қолы қызық пен думан, той іздер
Студент едім, адамдар жайлы ойы ізгі ең.
Каникул болып, ауылға жеттім үш күнде
«Алматы-Нөкіс» аталатұғын пойызбен.
Нарыққа мініп, жетсе де тұңғыш ауыр жыл,
Елең етпеген Жиделі-Байсын ауыл бұл!
Бір ағам нәпіл-садақа жасап, мал сойып,
Сол үйде түгел ағайын-туыс, бауыр жүр.
Ағамыз біздің мақтан ғып мені жүрер шын:
— Ауылдың жайын солардан сұрап білерсің.
Қолына су ап, көненің сөзін тыңда! – деп
Шалдарға қызмет етуге мені жіберсін.
Бабымен піскен қой еті менен май асап,
Келгенде сорпа, пышағын шетке қоя сап.
Ал, біздің қарттар замана жайын толғасын
Гүлнәрша айтсақ, «майға да қосып саясат».
Газет оқымас шалдарға болып қиын сын
Саяси сипат алған бір сәтте жиын шын.
Манадан бері аузына жұртты қаратқан
Құрекең кенет бұрылып маған шүйілсін.
— Қазіргі жастар жүреді қарап айға бір,
Ішкені арақ, ойлайтындары пайда кіл.
Сауат жоқ, тіпті, не оқитынын кім білсін,
— Ал, білсең айтшы, Горбачев қазір қайда жүр?!
Тосылып қалдым (дәл бұдан хабар жоқ біздің,
қалғаны есте: қоштасқан сәті көп қыздың...).
— Пойызбен үш күн... жеткенім осы ауылға,
мен қайдан білем... (иықты қиқаң еткіздім).
— Айттым ғой, міне! Мәз болып қалды Құрекең
Бас изеп шалдар, дегендей «мұның құп екен».
— Енеңді ұрайын!
гүр ете қалды Бақыт шал
— Сол Карбышевыңның түп нағашысы кім екен?!
(Қандырар шөлін қисса мен сөзге құмардың
Айтулы ділмар Бақытқа қарсы тұрар кім?).
— Баласын жөнге сала алмай жүріп, шіріктер
Саясат несін алған-ей, шіркін, бұлардың?
...Биліктің түпсіз ойындарынан хабарсыз
Ағасы, бұлай қарамаңызшы маған, сіз.
Еріксіз бір күн атымның басын бұрғанмын
Саясат дейтін ауылға мен де амалсыз.
Бұл ауыл — жолсыз, жықпыл мен кілең жыра екен,
Сауатсыз басты күніге даң мен дұң етем.
...Бақыт шал құсап отырам сосын ойланып:
— Бұл саясатыңның «түп нағашысы» кім екен?!





Пікір жазу