ӨМІР
Аса ұната қоймайтын қоңсылар тым
Батырбай деген біздің көрші бар-тын.
Бір табан жақын еді дүниеге,
Келеке қылатұғын сонысын әркім.
Ерлігі жоқ ерекше тоқталатын,
Мінез де жоқ ішіп ап мақтанатын.
Қолтығынан біреудің демемепті,
Залалы да ешкімге жоқ болатын.
Қос аты бар: бір күрең, бірі шұбар,
Малға толы қорасы, жұмысы бар.
Жұбайы жас, шешесі қолында еді,
Үйленбеген тағы да інісі бар.
Жұмысына жөнелсе күреңменен,
Төрт құбыласын жұрт оның түгел деген.
…Бір күні ел шу етті:
— Батырбайдың
Қатыны кетіп қапты біреуменен.
— Жас қой әлі.., біледі бұлар нені? –
Жастықтың бұзықтыққа құмар көбі –
деді шалдар –
баралық, ап келелік,
Баланың балалығы шығар, тегі.
— Сезім ғана билейді тірі адамды,
Сүймеп едім…, амалсыз шыдағам-ды…
Оған қояр кінәм жоқ! – депті жеңгей –
Бірақ көңлім қалайды мына адамды…
Басбұзар сол боп шығып өңірдегі,
Көмейден нендей сөз тек төгілмеді:
“Қар” деді,
“сайқал” деді,
“қаншық” деді,
Сақалын сипап бір шал “Өмір…” деді.
Толыспаған бойдағы күшке менің,
Ызам келіп, бармақты тістеледім.
— Әкесін танытармын сол Өмірдің
Сәл өскесін қолыма түссе! – дедім.
Қандай қайрат күтерсің басқа менен? –
Ер жеткесін бұл ойды тастаған ем…
…Бір досымның құлапты шаңырағы,
Қосағы кетіп қапты басқаменен…
Содан бері менде де көңіл шұбар
Достың хәлі хәл емес… өлімші хәл.
“Тек ұлыма қиын…” – деп күрсінеді.
Не дей алам мен оған..?
Өмір шығар…