03.09.2022
  131


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

АҚ ТАЗЫ

Дауылды бір күн еді, құм бораған.
Кісі ақылын ешқашан тыңдамаған,
Тазының ақ күшігін алып келді,
Қуатжанның үйінен ұрлап ағам.
Әкелердей алдағы қансонар бақ,
Әкетпек боп күшікті қаншама арбап.
Келгенімен, бір жарты ішіп алып,
Қуатжан дос жөнелді арсалаңдап.
Бір жартымен бітіп-ақ қалды дауың,
Ағам қамдап күшіктің қарғыбауын...
— Тазы бабын білмейсің! — Кейіді әкем:
— Бекер болды, балам-ау, ай, мынауың.
Ақ күшік кереметтей сүйкімді еді,
Ал қылығы, қылығы сиқырлы еді.
Қолы тимей ағамның...
Өскеннен соң,
Тыңдамайтын боп алды итің мені...
Тыңдамайды-ау, ақ тазы тыңдамайды,
Кейде ұлып, ақ қарды тырналайды.
Мұңайып, күнде алысқа бір қарайды,
Ақ қоянның терісін жұлмалайды...
Қансонарда қарсы алмас құла таңды,
Мына өмір ақ тазыға, сірә, тар-ды.
Көршінің тауықтарын бытырлатып,
Бір күні кәдімгідей ұры атанды.
Кең өмірде тарылған күрт аясы,
Оңбаған итті қалай жұрт аясын.
Ішіп келген көршіміз атып тастап,
Бітті солай ақ тазы «хикаясы».
...Иілуді біреуге ар санаған,
Әйтеуір «мал табудан» шаршамаған
Тірлікте, сол тазыдай бабы болмай,
Ілінді-ау, қарауылға қаншама адам...





Пікір жазу