03.09.2022
  342


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ШАЛДЫҢ БАЛАСЫ

«Апасының аңғалдау, әңгүдігі»,
Шегебай — кемпір менен шалдың ұлы.
«Ақ Шегем сүт кенжем ғой, — дейді әжеміз, —
Әкесінен аусайшы бар қылығы».
Көрсе де көп қатынның қарғайтынын,
Біледі де әжемнің қорғайтынын.
Күн сайын «бас жарып, көз шығарады»
«Қылығы әкесінен аумайтын ұл».
Әжеміз ақ таяғын қолына алсын,
Қыңбайды біреу емес, оны барсын.
«Сонша не бүлдіріпті-ей, өңшең шірік,
Әуелі ақ Шегемдей болып алсын...»
Осылай таяғымен жасқады да,
Қалдырмай мейірімнен басқа мұра.
Бір күні шалын іздеп кете барды,
«Кенжесін» баласына тастады да.
Өмір сүру керек қой өлмегенге...
Көнді ағам, қайда барсын көнбегенде?!
«Әй, әкең қатты сараң!» — деді бірде
«Ағасы» сұрағанын бермегенде.
Шәкеңнің кіргені кіл майдан болсын,
Түйгені мынадай бір байлам болсын:
«Қанша жақын болғанмен аға-жеңге,
Әкең менен шешеңдей қайдан болсын...» —
деді де мойын бұрмай өңгемізге,
Әскерге кетіп қалды (өл де бізге...).
«Ассалаумағалейкум, әз ағамыз,
Бір сәлем инабатты жеңгемізге...»
Содан соң қай бөлімге тап келгенін...
Әскердің жайын айтып мақтанды ерің.
«Жеңгесі» «сүйіншілеп» елге жайды
«Атасының ұлынан» хат келгенін.
Қолтықтан сері демеп, пері демеп,
Қызыл-жасыл күндерді көріп ерек.
Әскерден соң жүрді де азғантай күн,
— Ал енді үйленемін! — деді кенет.
Содан соң тойдың қамын жеді әкеміз,
Көрмеді бұл күндері нені әкеміз.
«Тұңғышың отау құрып...» — депжатты жұрт,
«Иә, інім келіншек ап...» — деді әкеміз.
Аяғын байлап шалдың тентегінің,
Ақыры бітті осылай ертегінің.
(Тірлік-жеңгем тегістеп жібермей ме,
Талайлардың «қисықтау» еркелігін).
Басында қазығына көндіге алмай...
Мойынсұнды, амал бар енді қандай?!
...Сылтау айтып әйелін сендіре алмай,
Баласын кейде айтқанға көндіре алмай.
Мінгенде «шалдың ұлы» бір ашуға,
— Қой, — дейді жеңгем, — елді қырасың ба?
...Қанша «сараң» болса да әкесі бар,
Мен бақытты шығармын расында..





Пікір жазу