03.09.2022
  263


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ӘЙЕЛ

Ері тағы ішіпті...
е, кім ішпейді —
шаршаған шығар, сірә, дұрыс, мейлі.
Айырын қолына алып, шөп жинады,
...Бәрібір бұл істемей, кім істейді.
Ұл сабаққа бармапты...
— Әй, жетпегір,
Бұзықтықтан жүреді «бәйге» ап небір.
Сәлден кейін түседі сабасына
...Бұл да бір, бұрқ-сарқ еткен шәйнек те бір.
— Жүрісі анау, шаруасы мандымай түк,
Мына түрмен бітірер тамды қайтіп?—
«Енесінің баласын» «жамандайды».
Көрші келіншекпен «сәл» әңгіме айтып.
— Қайда кеткен әлгі қар?...
Кішкенесін
тастай сала жүгірді (түс кезі еді...).
Адуынды ене тұр, бірақ оның
Рә жек көрмейтінін де іш сезеді.
Қарсы келсе болмайды, ұғынады.
...Сосын ері тұрады, қырынады.
Тамақ ішіп әлденіп, кілең тентек
Әжесінің бауырына тығылады.
Таңылса да бейнетке басыбайлы
Қарғамайды Құдайды, жасымайды.
Кекілінен сипайды кенжесінің:
«Осы тентек түбінде асырайды».
— Мені ұмытып кетті ме, қара, бұлар...
Иттер-ай, қай жақта жүр, жаңағылар? —
Күйеуі атып тұрып жөнеледі,
Демек, кеште тағы да қонағы бар.
Тағат таппай, ыңылдап әлденені
Қызы айна алдында сәнденеді...
Ұршығын жиып қойып, айран ішті,
Сәлден кейін өрістен мал келеді.
Күн батқанда қосылып әуенімен
Үйге ырыс енеді шелегімен.
Атам қазақ қалай тауып айтқан:
«Әйел қырық шырақты!»
Сенемін мен!





Пікір жазу