СУРЕТ
Құлдыраңдап бауыры ақ қара тай,
Қоңыр қозы енесін тапты, алақай!
...Қозы бағып жүреді, сары бала,
Көк күпәйке үстінде,
Ақ малақай...
Қуантып жүр демесең, ата-ананы,
Шартарапқа кеткен жоқ атағы әлі.
Палуан болып, жұртты әлі желпінткен жоқ,
Емес тіпті кластың «атаманы».
Жекпе-жекте танытып еркектігін
Жер қаратқан талайын телпектінің,
Күндер алыс...
Алматы түгіл, оның
Мектеп әлі көрген жоқ тентектігін.
Ата-әжесі кітапқа үңілер күн,
Қиссадағы айналып біріне ердің,
Асыр салып жүреді үш-төрт бала,
Үш-төрт бала алаңсыз
(Бірі — менмін...)
Ағамызға «ақ найза» жасатып ап,
Көп белдерден жатамыз аса құлап.
Кейде күлкі болады демесеңіз,
Қос «ақ боздың» «тізгінін» босатып ап...
...Кейде сусып дүниең қолыңдағы,
Аттатпай қазылған ор жолыңдағы.
Торыққанда
Бейкүнә осы сурет,
Түсіңе кіре ме, дос, сенің-дағы?
Күнде тастап жүретін күресінге,
Ақындығым құрысын,
Күресің де...
Көк күпәйке үстінде.
Ақ малақай...
Сары баланы сағынам.
Білесің бе?...