03.09.2022
  154


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ҚОРҚЫТ ЖЫРЫ

Үміт жібі ыдырап,
Болмаса да, түк таныс,
Айға қарап ұлып ап,
Әмір жолға шықты алыс...
Бебеулейді жан құрғыр...
Қалдың ба, дос, торығып.
Бізді де Ажал аңдып жүр,
Анадайдан көрініп.
Сетінеген сеніммен,
Ішімізде жортып күз,
Қашып жүрген өлімнен,
Біз де бір-бір Қорқытпыз...
Жә, жә, сабыр, үндеме,
Сірәғасы сөздің бұл.
Түсті ме екен бірдеңе,
Жасаурайды көз құрғыр...
...Асу көп біз асатын,
Көз тігейік қашыққа.
«Қырық бесте хас ақын
кетеді...» — деп, асықпа.
Өлеңіңді зор тұтқын,
Жазбай кетсек, сол — қайғы.
Қобызындай Қорқыттың,
Бізді қалам қорғайды!
Кірші әсем баққа, ана,
Аймаласын арай-нұр.
Тек қана анау жаққа да,
Бір көзіңмен қарай жүр...
Ажал бағып тұр, әне,
Арамызда алаңқай.
Шақпасын кеп жыланы,
Қалғып кетпе, әй, Маралтай!





Пікір жазу