03.09.2022
  170


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ӨМІРЗАЯ

Тағдырың кеп байланды ма сөзіңе,
Аспан жаққа аңсары ауған саяқ ұл.
Басқа жұлдыз түспегендей көзіңе,
Сол жұлдызда нең бар еді, әй, Әділ?!
Су аяғы сіңгендей кеп құрдымға,
Ай-жағалы қамқа-түнге оранып.
Сол жұлдыздай сәл жарқырап тұрдың да,
Аяқ асты кеттің бір күн жоғалып.
Қос қабағың жауар бұлттай түнеріп,
Жігеріңді жасытқанда қырт тірлік.
Ай-ару қыз нөкерлерін жіберіп,
Әлде сені әкетті ме тұтқын ғып?
Жыр елінде көш бастасаң көсемдей,
Шіркін, мен де табылмас па ем сол маңнан.
Енді, міне,.. бағы тайған шешендей,
Қайран сөзім Әмірханға қор болған.
Ертегіге ішім менің жылиды,
Жақсылықпен аяқталар ақыры.
Арлан-көңіл Айға қарап ұлиды,
Жанындағы жұлдызда қап жақыны.
Бір өзеннің бұрып кеткен арнасын,
Өмірзая!
Сен ұрладың күлкімді.
Жек көремін... Әділ сенде болғасын...
Тағы сұмдық жақсы көрем біртүрлі.
Өйткені сен — Әділсің!..





Пікір жазу