03.09.2022
  89


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ЖАЗМЫШ

Келді, кетті бір ғұмыр,
Талтүсте күн тұтылды.
Фәни жапты түндігін,
Көкке бір ән жұтылды.
Пенде алдында ақталмас,
Ажал деген — қарау ұл.
Тағдыр домалатқан тас
Түскен жерге ғана ауыр.
Жүрді, күлді, өкінді,
Ілесіп ап дүрмекке.
Күндер өтті не түрлі,
Қуантып һәм мұңды еткен.
Бозда, асыл жар — бозінген,
Арманы оның көп еді.
Атқа мінген кезінде
Жан-жағы да мол еді...
Соның бәрі бос екен,
Аз күн көңіл хошы екен.
Шолақ қасқыр құйрығы —
Өмір деген осы екен.
Жыла, жыла, жылап қал,
Жауабы жоқ сұрақтар.
Аздан кейін ел кетер,
...Тірі адамда мұрат бар.
Өтеді өмір арманмен,
Өзегіңді өрт есіп.
Бетке қолың салғанмен,
Жауап қатпас төмпешік.
Одан қалған бір шыбық,
Ауық-ауық күрсініп,
Жыласа жел жұбатар,
Жалғасады тіршілік.
Аллаға мың шүкір де!





Пікір жазу