03.09.2022
  81


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ҒАЗАЛДАР

Жолың түсіп тірлікке, жалына оның жармастың,
Бұ дүние өткір-ді жүзіндейін алмастың.
Тура жолға бастайтын қалғып кетсе періштең,
Аяғыңнан шалатын дайын тұрар албастың.
Құран ұстап қолыңа, хақ жолына түсе алмай,
Кіріп алған ішіңе шайтанменен арбастың.
Жеңген шақта ібіліс, шайтан көлге де түстің,
Қызығы көп алдамшы, оған, сірә, қанбассың.
Күнде думан-той қуған жалған ләззат тойдырып,
Мекен болған аз күндік ол ауылдан әм қаштың.
Өз жыртығың жамауға таппай жүріп шүберек,
Қайғы шектің, қамсыздау қамын ойлап қандастың.
— Ажал ғана айырар екеумізді, — деп жүрген,
Пенде екенін де көрдің, қасыңдағы жолдастың.
— Мүшкіл халін мүміннің көрмейді ол неге? — деп
Аллаға тіл тигізіп, ақылыңнан алжастың.
Әй, ақыным, есің жи, қисық шеге-дүниені
Ешкім түзей алмаған, сен де түзей алмассың...
ІІ
«Көретін жан бар ма екен ақ Алланың дидарын?»
Осы сауал жаның жеп, өзіңді-өзің қинадың.
Кір фәниден бір сәтте басыңды алып қашқың кеп,
Құл Қожа Ахмет секілді бұ дүнияға сыймадың.
Шыққыр көзің көрген-ді, дүние үшін, мал үшін
Ағайынның бір-бірін өлімге де қиғанын.
Шебер-құдай ондайдың жазасын да берген-ді,
Басқаларға бұйыртып ғұмыр бойы жиғанын.
Біле тұра осыны, бағытыңнан жаңылып,
Шайтанға еріп бір сәтте, қу нәпсіңді тыймадың.
Әй, ақыным, есіңе ал, бұрынғыдан қалған сөз:
«Алла алдыңа барғанда жалғыз жолдас — иманың!»





Пікір жазу