03.09.2022
  117


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

Беу, көңіл, неменеге бұзыласың

Беу, көңіл, неменеге бұзыласың,
Байланған балақ бауы біз — лашын.
Амалсыздан шұлғисың басыңды енді,
Күндерге көжедейін тұзы басым.
Кеп қалғанын сезсең де жақын күздің,
Елітіп ерке жыры ақын қыздың,
Дариға, еріп кеткің кеп тұрса да,
Басыңды босатпайды ақыл-тізгін.
Жастық-ай, әр күніңді нұрға малған,
Тұнған арман, кей сәтің бұрмаланған...
Қызығудан басқа енді амалың жоқ,
Ұлыңа жастығыңды ұрлап алған.
Бірте-бірте сауықтан жеріндіріп,
Арқаңа алғаннан соң өмір мініп,
Қамшыны көрген сайын тепеңдейсің,
Кеудеңнен қысып кейде өмілдірік.
Сонда да...
Келіп қалған күз ұнамай,
Қу көңіл әлденеге бұзылады-ай.
Сызылмайтын жерлерде сызылады-ай,
Қызықпайтын нәрсеге қызығады-ай...
Беу, дүние...





Пікір жазу